«Цифрлық теңге» айналымға енуі мүмкін
Осыған орай Алматыда Қазақстан қаржыгерлерінің 10-конгресі өтті. Мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдарының өкілдері экономикалық саясат пен қаржы секторындағы өзекті мәселелерді талқылайтын форум биыл да пікірталасқа және жаңалыққа толы болды. Форумда «Цифрлық теңге» пилоттық жобасының зерттеу барысы таныстырылып, мамандар тарапынан оң баға алды.
Ұлттық банк әзірлеп жатқан «Цифрлық теңгенің» тиімді тұстары өте көп. Біріншіден, бұл республикадағы төлем айналымының барлық қатысушысына қымбатқа түспейтін, тез, ыңғайлы әрі қауіпсіз төлемдерге жол ашады. «Цифрлық теңге аймақтарда қолма-қол ақшасыз төлемдерді жүзеге асыруға көп мүмкіндік береді және қаржылық қызметтердің қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Тіпті цифрлық теңгені шетелде жүріп те пайдалануға болады» — дейді жоба жетекшілері.
Бинұр Жаленов, ҚҰБ төлем және Қаржы технологияларын дамыту орталығының төрағасы:
-Қазір бізде қолма-қол және қолма-қолсыз ақша бар. Яғни қолма-қол түріне банкноттар мен монеталар жатады десек, қолма-қолсыз ақша – бұл банк шотындағы ақша. Ұлттық банк дайындап жатқан валютаның үшінші түрі — «Цифрлық теңге». Төлем технологиясы тұрғысынан мұнда да үйреншікті көптеген опция қолжетімді болады. Сонымен қатар төлем бойынша жаңа шешім қабылданады, ол – офлайн-төлем жүйесі, яғни, интернетке қосылмаған мобильді телефонмен де төлем жасауға болады деген сөз.
«Цифрлық теңге платформасы, сонымен қатар есеп айырысулардың тиімділігін, жеделдігін және ашықтығын арттыру үшін де кең мүмкіндіктер ашады» — дейді мамандар.
Ғалымжан Пірматов, Қазақстан Ұлттық Банкінің төрағасы:
-Цифрлық теңгені енгізу Қазақстан экономикасы мен қаржы жүйесіне оң әсер етеді. Цифрлық теңгені тек Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі ғана айналымға шығарады және қадағалайды. Ол кәдімгі заңды төлем құралы ретінде қабылданады және экономикадағы субъектілер үшін классикалық ақшаның барлық функциясын атқарады. Жоба бойынша цифрлық теңге бірегей цифрлық реттілік ретінде немесе арнайы электронды әмиянда сақталатын электронды жазба түрінде шығарылады.
Жыл соңында қорытынды шешімі шығып, Цифрлық теңге іске қосылып жатса, қолма-қол және қолма-қолсыз ақшалар Қазақстанда айналымда қала береді. Тек цифрлық валюта олармен қатар жүреді.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Эдуард Кон