Ақтөбе облысында алдағы жылдары қант зауыты салынады
Бұл туралы «Investment Aktobe 2022» VII Халықаралық инвестициялық форумында айтылды. Елордада өткен жиында тағы бірқатар ірі жобалардың келісім-шартына қол қойылып, Ақтөбе облысының индустриялдық әлеуеті таныстырылды.
«Бұл жиын бұрынғыдан өзгерек. Себебі оған әлемдегі 37 елдің елшілері мен тағы бірнеше мемлекеттің ірі кәсіпкерлері қатысты. Басты мақсат – аймаққа көптеп инвестиция тарту. Жалпы соңғы 5 жылда өңір экономикасына 5,5 трлн теңге көлемінде қаржы құйылған. Ал оның төрттен бірі тікелей шетелдік инвесторлардың үлесі. Қазір облыста 1,5 мыңнан астам осындай компания жұмыс істейді. Ал келем деушілер болса, тағы біраз мүмкіндік бар», — дейді облыс әкімі.
Ералы Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі:
-Ірі өндіріс орындарын құрумен қатар ауыл шаруашылығын да дамытуға болады. 37% ауыл шаруашылығының мүмкіндіктері. Бір ғана ауыл шаруашылығының өзінде құс бағытын дамытуға болады, өсімдіктерді дамытуға болады. Балық шаруашылығын да дамытуға болады. Ірі өндіріс болғанымен осындай бағыттарды дамытуға мүмкіндіктер бар.
Ал сырттан келген инвесторларға бірқатар жеңілдіктер де қарастырылған. Атап айтсақ, Ақтөбе қаласында 9 жолдың торабында орналасқан индустриялды аймақтан барлық инфрақұрылымы тартылған жер телімі тегін беріліп, олардың құрылыс пен қондырғыларға кеткен шығыны 30% өтеледі. Одан қалды 70-тен астам бос кен орны ұсынылады. Себебі Ақтөбе облысы пайдалы қазбаларға бай.
Иран Шархан, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:
-Ақтөбе облысы жер көлемі жағынан ғана емес, минералды шикізат қоры жөнінен де республикада алдыңғы қатарда. Облыс хром кен орындарының қорлары бойынша әлемде 2-орынды, ал көмірсутек шикізаты мен мыс кен орындарының қорлары бойынша Қазақстанда 3-орынды алады. Мұның бәрі аймақтың осы саладағы әлеуетінің өте зор екенін көрсетеді.
Жүздеген ауқымды жобаны жүзеге асырып отырған Ақтөбе облысы форум соңында Германия, Литва, Түркия сынды елдердің компанияларымен бірнеше ірі кәсіпорын салатын болып келісті. Жалпы сомасы 3 трлн теңгеге жуықтайтын меморандумдар мұнай-химия кешенін, қант зауытын, пойыз дөңгелектері мен теміржол рельсін шығаратын кәсіпорынды және медициналық жабдықтар өндіретін зауыт салуды көздейді. Ал мұның барлығы 20 мың ақтөбелікті жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Самат Оспанов