Хабар телеарнасы

Қарағанды облысының 27 ауылына мектеп автобусы берілді

Жылы, жайлы, әрі қауіпсіз көліктер жергілікті зауытта құрастырылған. Әзірге мектеп автобустары 27 елді мекенге берілді. Келесі жылға да қаражат қарастырылып отыр. 

Садовое елді мекенінде тұратын 52 бала 7 шақырым қашықтықтағы Гагарин ауылына барып оқиды. Арнайы бөлінген мектеп автобусы екі араға күніге 4 мәрте қатынайды.

Жаңа автобус балалардың қауіпсіздігі үшін өте қолайлы етіп жасалған. Жылдамдықты 60-тан асыра алмайсыз. Ал есігі ашық тұрғанда көлік орнынан қозғалмайды. Ішіне бейнекамера орнатылған. Мүмкіндігі шектеулі жандардың да жағдайы ескерілген, пандусы бар.

Жанар Жанпейісова, Т. Бигельдинов атындағы мектептің директоры:
-Балаларды сыртқа шығаруға, түрлі олимпиада, сайыстарға қатыстыруға және музей, театрларға апаруға, осындай каникул кезінде балалардың демалысын ұйымдастыруға бір керемет мүмкіншілік болып тұр.

Қазір облыс бойынша 118 ауылда мектеп жоқ. Онда шамамен 1600-ге жуық бала тұрады. Оларды күнделікті сабаққа жеткізетін 70 автобус бар. Бірақ көпшілігі тозған. Қазір білім басқармасы автопаркты ақырындап жаңартып жатыр.

Гүлдана Нұрсұлтан, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
-27 автобусқа тапсырыс берілді. Оның барлығы лизинг арқылы алынды. Бүгінгі таңда 19 автобус келді 20 орындық. Жыл аяғына дейін тағы да 40 орындық 8 автобусымыз келеді балаларға арналған.

Жаңа мектеп автобустары Саран қаласындағы зауытта құрастырылған. Отандық кәсіпорын жылына 600 қоғамдық көлік жасай алады.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар