Қарағанды облысында кәсіпкерлер саны артып келеді
Қарағанды облысында шағын және орта бизнес өкілдерінің саны 12% артты. Өндірісті өңір ел ішінде кәсіпті жүргізу рейтингінде екінші орында тұр. Жоғары аудиторлық палата өкілдері 14 бағытқа сүйеніп осындай қорытынды шығарған. Өңірде қолайлы бизнес-климаты қалай қалыптасты?
Бұл Саран қаласындағы санитарлық-гигиеналық өнім шығаратын зауыт. Ауқымдылығы жағынан ел бойынша екінші орында тұр. Моноқалада орналасқандықтан кәсіпорынға қолдау көрсетіліп, субсидия бөлінді. Қазір аяққа нық тұрған. Зауыт басшылығы жылына 450 млн теңгеге жуық салық төлейді. 150 азаматты жұмыспен қамтып отыр.
Наиль Манафов, «Sunpaper» ЖШС өндіріс жөніндегі басшысы:
- Қазір расыменде кәсіп жүргізу жеңілдей түсті. Себебі барлық құзырлы органдармен тығыз байланыстамыз. Бұрын тапсырылған кез келген есепке жалпылама қарайтын. Қазір зауыттың нақты көрсеткіштері есепке алынады. Яғни салықты шығарылған өнім мен табысқа сай төлейсің.
Биыл облыста 5 мың бизнес жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 23 млрд теңге бөлінді. Шағын және орта кәсіп өндіріс көлемін 3,5% арттырды. Ал осы салада жұмыс істейтіндердің саны 9% еңсерген.
Дастан Құдабаев, кәсіпкерлік басқармасының басшысы:
- Бизнеске салық жүктемесін төмендету бөлшек салық жүктемесін 4-тен 2% дейін төмендету жөнінде тапсырмасын қабылдадық. Бұл өзгерістер енгізілген сәттен бастап салық төлеушілер санын 6 есеге арттырды. Бұрын көлеңкеде жұмыс істеген кәсіпкерлер өз бизнестерін заңдастыруды бастады. Тіпті 45 салық төлеушінің басқа облыстардан ауысқаны байқалады.
Бұдан бөлек «Кәсіпкер» өңірлік бағдарламасы бойынша 33 жаңа жобаны қолдау мақсатында 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Кәсіпкерлерге салық қызметі бойынша көмектер де көрсетіледі. Нәтижесінде бір жыл ішінде бизнеске қолайлы жағдай жасаудан Қарағанды облысы 5-орыннан 2-орынға көтеріліп отыр.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар