Қарағанды облысының әкімі Тәуелсіздік күні қарсаңында ел дамуына елеулі үлес қосқандармен кездесті
Әділетті қоғамда әр мәселе ашық айтылу тиіс. Қоғамдық кеңес мүшелері облыс әкіміне өңірдің ең өзекті мәселелерін жеткізді. Соның бірі – ауылшаруашылығының қазіргі аяқ алысы.
Ниқанбай Омарханов, қоғамдық кеңестің мүшесі:
-Президенттің сайлауалды бағдарламасында айтылған ауыл проблемаларын көтергім келіп отыр. 5 сұрақ бар. Ол жайылым мәселесі, несие беру, ауылдық елді мекендерді дамыту мәселесі, әкімдердің рөлін көтеру туралы біраз сұрақтарым бар.
Облыста ғылым саласының да қадамы нық болуы тиіс. Мысалы, Қарағанды техникалық университеті биыл аталған салаға 1 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлген. Нәтижесінде шетелдік журналда жарық көрген мақала саны 3 есеге, патенттеу 2 есеге артқан. Тың жобалар да бар.
Асқар Имашев, Ә.Сағынов атындағы ҚТУ кафедра меңгерушісі:
-ЭкоМайнинг жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Экология мәселесі қазір алдыңғы қатарда тұр. Соны өндіріс проблемасымен байланыстыратын жаңа ғылыми жұмыстар және оқу-ғылым бағдарламасына енетін жаңа әлемдік тәжірибені біз қазір оқу үрдісіне енгізіп жатырмыз. Осының бәрі экомайнинг жобасында жүзеге асырылады деген сенімдеміз.
Облыс әкімі аталған ұсыныстарды бүге-шүгесіне дейін зерттеп, өңір үшін тиімділеріне қолдау көрсетпек. Оның айтуынша, елге пайдасы бар жобалар тасада қалып қоймауы тиіс. Сондай-ақ жиналғандарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
Ермағанбет Бөлекпаев, облыс әкімі:
-Құрметті жерлестер біздің алдымызда жауапты міндеттер мен биік белестер тұр. Бұл сыннан сүрінбей өткен жерлестер Мемлекет басшысы алдымызға қойған міндеттерді орындауда бірлік пен ынтымақтастықтың жарқын үлгісін көрсетеді деп сенемін. Мемлекетіміздің ұлы мерекесі –Тәуелсіздік күні құтты болсын!
Жиын соңында Ермағанбет Бөлекбаев биыл ерлігімен көзге түсіп, қиын сәтте азаматтарға қолдау көрсеткен, сондай-ақ қайырымдылық жасап, өзгенің мәселесіне бей-жай қарамаған белсенді азаматтарға алғыс жариялады.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар