Хабар телеарнасы

Қарағанды облысында найзағайдан шыққан өртке 16 млн теңге айыппұл салынды

Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Талды ауылында найзағайдан тұтанған өрт кезінде жанып кеткен орманды алқап үшін ауыл әкімдігі кінәлі деп танылды. Сот шешімімен елді мекенге 16 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Аядай ауылдың жылдық бюджеті бар болғаны 2,5 миллион теңге. Ауыл тұрғындары мен жергілікті билік сот шешіміне наразы. 

2023 жылдың маусым айында Талды ауылы аумағында найзағайдан өрт тұтанып, жайылымдық жер мен 169 гектар орман алқабы күлге айналған. Қызыл жалын Ақтоғай орман шаруашылығына қарасты алқапты шарпыды. Ағаштар мен өсімдіктер өртке оранғандықтан, мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы дер кезінде әрекет етпегені үшін ауыл әкімдігін сотқа берді. Cалынды. «Бюджеті 2,5 миллион теңге ауыл үшін 16 миллион теңге айыппұл үлкен салмақ»,– дейді тұрғындар.

Мұхтар Түсіпов, Талды ауылының тұрғыны:

-Халық қанша төлейді, ауданға сол ауылдың өзіне түседі. Ал кішкентай ауылда қай бір бюджет бар дейсің. Оған сот жармасып жатыр. Енді 5-6 жыл бюджет ақшасы ауылға келмесе қалай күн көреміз? Барлығымыз жүгірдік, тамаққа дейін апарып көмектестік. Тоқтата алмасақ не істейік енді? Халықтың не кінәсі бар?

Мирас Қасымханов, «Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі ақтоғай шаруашылығы» КММ басшысы:

-Ауылдық округ әкімдігінің дер кезінде ерікті өрт сөндіру жұмысын дұрыс ұйымдастырмау салдарынан дала өрті мемлекеттік ормандық қорына ауысқан. Өрт салдарынан мемлекеттік орман қорының 169,13 гектар орман аумағын өрт шалды.

Заңға сәйкес өрт сөндірушілер келгенше тілсіз жаудың жайылмауына ауыл тұрғындары қолғабыс етуі керек. Ол үшін еріктілер тізімі жазылған арнайы хаттама толтырылады. Ауыл әкімдігі бұл құжатты дайындап үлгермеген. Бірақ соған қарамастан жұрт жаппай көмекке шыққан.

Дәурен Құралұлы, Шет ауданы әкімінің орынбасары:

-Егер де ауыл тарапынан, халық тарапынан, еріктілер тарапынан ешкім әрекет етпесе онда келісуге болады. Бірақ ел болып, жұрт болып көмектессе де осындайға барып отыр. 16 миллион өндіру бұл үлкен қаражат. Ағымдағы орташа жөндеу мәселесі бар, су мәселесі бар, тоқ мәселесі бар оған қаражатты қайдан аламыз?

Ауыл тұрғындары бірнеше күн бойы қолда бар техникамен өрт сөндіруге көмектестен. Бірақ оны заңды түрде дәлелдейтін құжат жоқ. Енді ауыл әкімдігі әділдік сұрап, сотқа қайта шағымданып көрмек.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар