Елімізде арнайы операциялар күшінің жеке құрамы дайындалып жатыр
Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары ақпарат берді. Аталған құрылымға заңсыз қарулы топтарға қарсы күрес және терроризмге қарсы операцияларға жәрдемдесу міндеттеледі. Айта кетейік, министрлік өкілдері әскери борышкерлерді көшеден алып кету мәселесіне де жауап берді. Олардың айтуынша, шақырту келсе де, әскерге барудан жалтаратын әлі де бар дейді. Мамандар ерікті борышкерлердің санын көбейтудің тағы бір жолын тапқандай. Енді мемлекет алдындағы міндетін өтейтін азаматтың несиелік төлемдері де уақытша тоқтатылады.
Сұлтан Қамалетдинов, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
-Қорғаныс министрлігі мен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әскери қызметшілерге мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңіне несиелік демалыс беру туралы меморандумға қол қойды. Бұл мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге әскери қызмет өткеру кезінде өз несиелеріне алаңдамауға мүмкіндік береді. Сарбаздардың барлық банктер және микроқаржы ұйымдарындағы несиелері кейінге қалдырылады.