Қаңтардан бастап отандық FlyArystan лоукостерінің әуежайда тіркеуден өту ережелері өзгереді
Ал онлайн тіркелу тегін болып қала береді. Мұның жолаушыларға тиімділігі қандай?
Жақында ғана FlyArystan жолаушыға өз бетінше тіркелуге мүмкіндік беретін заманауи iJan терминалдарын енгізген еді. Осыдан кейін әуежайда кезек бірнеше есеге азайды. Оған қоса бір мезетте жүздеген адамға қызмет көрсету мүмкіндігі туды. Енді iJan мен терминалдар жоқ әуежайларда тіркеу бағаналары арқылы ақылы жасалады. «Әуежайда тіркелу» қызметін алдын ала сатып алсаңыз, 500 теңге. Ал оны алмай бірден әуежайда тіркелсеңіз 1000 тг.
Мақпал Бейбітжанқызы, «FlyArystan» әуе компаниясының стандарттар бойынша менеджері:
-Жолаушыларға үнемі тегін тіркелу мүмкіндігі бар. Ол рейстің ұшу уақытынан бұрын 30 күн немесе 40 минутқа дейін сіз онлайн тіркелуден өте аласыз. Ол FlyАrystan қосымшасында және сайтында бар.
Әуежайда ақылы тіркелу халықаралық тәжірибеде бұрыннан бар. Бұл үрдіс компания жұмысын оңтайландырып, мысалы, әуежай қызметтері үшін жұмсалатын шығындарының азаюына әкелмек. Яғни билеттердің қолжетімді бағасын сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Ләззат Набиева, «FlyArystan» әуе компаниясының баспасөз хатшысы:
-FlyArystan әуе компаниясының флотында 14 ұшақ бар. Оның бәрі бір типтес Airbus А 320 ұшақтары. Келесі жыл соңына дейін тағы да ұшақтар санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Олардың саны 19-ға жетеді.
Әзірге iJan цифрлы қондырғысы Алматы, Астана, Семей, Түркістан әуежайында ғана бар. Алдағы уақытта еліміздің барлық әуежайына қойылмақ. Сондай-ақ биыл FlyArystan әлемдік сарапшылардың оң бағасын алып, беделді Skytrax сыйлығының «4 жұлдыз» иегері атанды.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев