Сыртқа сатылатын балық көлемі азаюы мүмкін
Нұржан Смағұлов, табиғатты қорғау және су ресурстарын реттеу бөлімінің басшысы:
- Біз бұл жерде мотопомпа арқылы және де қамыстар арқылы осы суды ауамен қанықтыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл осы көктем айында балықтарды қырылып қалуды алдын алу және де осы мұздың астында жиналған улы газдар, метан, шіріген заттар болса осы метанды шығару арқылы суды тазалау.
Жангелді Қарабаев, Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы астана каласы бойынша бөлімінің басшысы:
- Балықтың санын сақтау мақсатында қабыршықтануға қарсы іс-шаралар жүргізіледі. Өйткені суда оттегі мөлшері азаяды. 5 желтоқсан айында бастадық осы жұмыстарды. Қыс бойы осындай жұмыстарды атқара береді.
Шаймардан Бекетаев балықты ауамен 10 жылдан бері қанықтырып келеді. Су жәндіктері жыл құстары сияқты жылы жаққа ұшып кете алмайды. Сондықтан олар адам баласының қамқорлығына мұқтаж дейді ол. Оның үстіне жылдан жылға жұмыстың сапасы артып келеді.
Шаймардан Бекетаев, жұмысшы:
- Бұрын қиындықтар болды енді, қолмен өзіміз бұрғылаймыз, қазір енді заман өзгерді, бензобур пайда болды. Кішкене жеңілдеді қазір.
Өткен жылы елімізде 42 600 тонна балық ауланған екен. Ал өсірілген балық көлемі 14 мың тоннадан асады. Сыртқа сатылған балыққа келсек, ол 19 400 тонна. Ал біз 35 700 тонна балықты импорттаппыз.
Себебі Президент салқындатылған және мұздатылған балықты экспорттауға тыйым салу қажеттілігін айтқан еді. Бұл ең алдымен отандық балық шаруашылығын дамыту, өңдеу саласын жетілдіру мақсатымен қолға алынып отырған шара. Оның үстіне салаға мемлекеттік қолдау да айтарлықтай. Бұдан бөлек, балық аулаумен айналысатын субъектілер үшін қосымша құн салығы 70% төмендетілді.
Мирас Ғаббасов, балық шаруашылығы комитеті акваөсіруді дамыту басқармасының басшысы:
- Соңғы 5 жылды алып қарайтын болсақ, балықты қолдан өсіру көлемі 5 есеге өсіп отыр. Осы соңғы үш жылда балық өсіретін шаруашылықтардың саны 2 есеге өсіп отыр. Сондықтан осындай мемлекеттік қолдау шараларының арқасында қазіргі кезде бизнестің қызығушылығы артып, шаруашылықтар көбейіп жатыр.
Бүгінде 1600 су айдыны 1200 шаруашылық субъектісінің қарамағында. Жалпы 12 мыңнан астам адам балық аулауды кәсіп еткен. Сонымен қатар 72 кәсіпорын балық өңдеумен айналысады. Оның 17-сі Еуро одақ елдеріне балық өнімдерін экспорттайды. Десе де Қазақстан балық өсіру бойынша су айдындары аз көрші мемлекет - Өзбекстаннан артта қалып отыр. Саланы дамыту үшін биыл тиісті заң жобасы Парламентке ұсынылады. Бұдан бөлек Үкімет арнайы бағдарлама да қабылдаған.
Нәтижесінде алдағы 7 жылда Қазақстан жылына 270 мың тонна балық өсіретін болады. Ел тұрғындары да пайдалы өнімді көп тұтына бастайды. Оның басым бөлігі отандық су айдындарында өсірілген балық болады. Себебі импорт та айтарлықтай азаяды.
Авторлары: Достық Талғатұлы, Айдос Меделбек