Жылқы етінің бағасы соңғы бір жылда 16% қымбаттады
Ал Елордамызда жылқы етінің келісі 3200 теңгеден саудаланып жатыр. EnergyProm зерттеу орталығының есебінше, бір жылда Ол 16% қымбаттаған. Жауаптылар ішкі нарық етпен толық қамтылған бағаның өсуіне еш негіз жоқ дейді. Бірақ дүкен сөрелеріндегі сандар мүлдем басқаша сайрайды. Неге бұлай?
Астаналықтар қымбатшылық қысқан уақытта соғымды ұмытқан. Тіпті ет жемейтіндердің саны артқан. Базарға бара қалсақ, тауымыз шағылып, қалтамыз жұқарып қалады дейді тұрғындар.
Венера Абуова, қала тұрғыны:
-Ет жемегеніме шамамен 5 ай болып қалды. Ертең қонақ шақыратын болғандықтан келіп тұрмын. Енді бағалары өте қымбат. Қазақ болғаннан кейін етсіз, қалай ол? Кейбір кісілер жағдайы болмағандықтан етсіз жүре береді.
Eт сатып жүргеніне 10 жылдан асқан саудагердің сөзінше, биыл соғымның емес, еті сылынған сүйектің саудасы басым.
Жанар Қаржаубай, ет сатушы
-Жылдан жылға сауда жоқ. Жылдан жылға баға көтеріліп жатыр. Жіліктеп ет алу деген қазір аз. Күнделікті тамаққа 1,2 келі ғана сұрайды. Сүйек сұрайды. Ол сүйекті арзан сұрайды ғой. Біз ет кіргіземіз. Еттің салмағынан қызметкерлерге айлық төленеді. Бізде аренда бар.
Бұл себептерді көз көріп, құлақ үйренген. Күзде ғана 2600 теңге болған жылқы еті, қазір 3200-ден сатылып жатыр. Ал сиыр мен қой еті шамамен 500 теңгеге қымбаттаған. Бұл базардағы сауда. Ә
Қазақстанда ет бәріне жетеді. Ел азаматтарының сауалына министрдің ресми өкілі осылай жауап берді.
Дамир Егізбаев, Ауыл шаруашылығы министрінің ресми өкілі:
-Ет өндірісі елді қамтамасыз етілу бойынша өзіміздің ішкі ет өндірісімен есептегенде толық қамтамасыз етіп отыр. 95, 105% көлем шамасында. Бізде импортқа тәуелділік тек құс етінен ғана бар. Ет дефицит. Соның арқасында ет қымбаттап кетті деген сөздердің барлығы шындыққа жанаспайды. Соңғы 3 тоқсандық 9 айлық көлем бойынша айтар болсақ, шамамен 30 мың тонна ет сыртқа шығарылған.
Сапарбай Жобаев, тәуелсіз сарапшы:
-Қозы кезінде сыртқа сатып жіберуге мүмкіндігіміз бар. Өзбекстан бізден сатып алып, бордақылау мәселесін жолға қойған еді. Күрделі инвестиция мәселесін әлі шешпей жатырмыз. Бұған себеп, оның күрделілігі. Екіншісі біздегі жемқорлық. Мәселен, шикі зат ретінде шығатын жерге біз тез инвестиция саламызда, оны шет елдіктер алып кетеді. Ауыл шаруашылығында еңбек етіп жатқандардың қолына балта шауып, оның малын экспорт жасама, өзімізге сат деп олигархтардың қалтасын ойлайтын болсақ, онда баға одан да жоғары көтеріліп кетеді.
Міне осылай белгілі, әрі белгісіз себепке байланысты ет бағасы мың құбылады. Белгілісі — Қазақстандықтар жылына 1 миллион тоннаға жуық ет тұтынады. Бұл қорды өзіміз дайындауға барлық мүмкіндік бар. Ендеше алдағы күндерден тек үміт күтеміз.
Авторлары: Диана Қадыр, Дархан Кунтуов