Үкімет отырысы: Ауылдық аумақтарды дамыту жобасы әзірленді
Бұл бағдарлама тұрғын үй, әлеуметтік инфрақұрылым, мәдениет және спорт саласын дамытуға бағытталған. Министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп, 736 ауылдық елді мекенде 1 жарым мың жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ жайылым жердің жырына нүкте қойылады. Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі осылай деп сендірді. Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, халықты жайылыммен қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылданады. Премьер-Министр Әлихан Смайылов қазақтың ұланғайыр даласында жайылымның жоқтығы өзекті мәселе екенін айтып, тиісті министрліктерге тапсырма берді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-Өңір әкімдері жайылым мәселесін, оның ішінде қайтарылған жерлерді ерекше бақылауда ұстау қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігі қайтарылған жерлерді бөлу мониторингінің картасын уақытылы іске қосуды қамтамасыз ету керек. Ауыл шаруашылығы және Цифрлық даму минстрліктері бос жатқан және мақсатсыз пайдаланған жерлердің бар-жоғына бағалау жүргізсін.