Алматыдағы ғимараттарға сейсмикалық аудит жүргізіледі
Яғни қаладағы нысандардың зілзалаға төзімділігі тексеріледі. Шаһар басшысының айтуынша, 2017-2018 жылдары Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми зерттеу және жобалау институтының мамандары 11 мыңға жуық ғимаратқа құжаттандыру жүргізген. Нәтижесінде қаладағы нысандардың 35% күшейту қажеттігі айтылған. Ғалымдардың зерттеуі бойынша соңғы уақытта жер қыртысында жаңа тектоникалық ойықтар пайда болған. Бұл өзгерістер 2021 жылы бекітілген сейсмикалық микроаймақтандыру картасында қамтылды. Соған сәйкес жер сілкінісіне төзімсіз нысандардың қауіпсіздігі күшейтіледі.
Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
- Осы жылдың екінші жартысында Алматыда сейсмикалық аудит жүргізіледі. Яғни қаладағы нысандардың зілзалаға төзімділігі тексеріледі. Жаңа бас жоспарда барлық қажетті сейсмикалық талаптар, қауіптер ескерілген. Абай даңғылынан жоғары 10 балл, одан төмен аудандар - 9 баллдық қауіпті аймаққа жатады.