Өзбекстанның батысында тұратын Науаи қазақтары Наурызды тойлауды бастап кетті
Тамды ауданының жастары дәстүрлі өнер бәйгесінде сынға түсті. Мұндағы қандастар салт-дәстүрін саф алтындай сақтап келеді. Тамдыда туған таланттар байқауы жыл сайын әз-Наурызда ұйымдастырылады. Биыл да үрдіс үзілген жоқ. Ауданда жалпы саны 17 қазақ мектебі болса, соның 15-і шығармашылық сайысқа өнерлі өрендерін қосты. Қатысушылардың бір тобы жыр-терме айтып жарысса, енді бірі күмбірлете күй төкті. Әнші, бишілер де мерекенің сәнін келтірді.
Сұңғат Жұмаханов, мұғалім:
- 50 жылдық тарихы бар ән-күй байқауына қатысып отырмыз. Байқауымыздың негізгі мақсаты - жастардың бос уақытын мазмұнды пайдалану және дәстүрімізді кейінгі ұрпаққа қалдыру. Алдағы Наурыз мейрамымен Өзбекстан және Қазақ халқын құттықтаймыз.