Жайықтан 2 тоннадан астам қоқыс жиналды
Жайық ластанып барады. Атырауда «Таза жағалау» акциясы ұйымдастырылып, өзенінің төменгі сағасынан 2 тоннадан астам қоқыс жиналды. Жағалау тұрмыстық қалдықтардан тазартылса, судан 300 метрге жуық синтетикалық ау-құралдары шығарылған. Жергілікті жерде «қытай сеткасы» деп аталатын бұл өнім балықтарға ғана емес, аң-құстарға да аса қауіпті. Оған шырмалған мақұлық тірі қалмайды екен. Акция сәуір айының аяғына дейін жалғасады.
Бауыржан Орақұлы, балық инспекциясы бөлімінің бас маманы:
- Түске дейін 15 қаптай қатты қалдық жиналды. Осы тұрмыстық қалдықтардың ішінде пластик бөтелкелер, әртүрлі шыны ыдыс қоршаған ортаға айтарлықтай зиянын тигізіп отыр. Бұлар пластик өнім болғандықтан, 50 жылда да шірімей, бұзылмай табиғатқа зиян келтіреді.