Хабар телеарнасы

Атырауда баланың үстіне ескерткіш құлады: қыз мерт болды

Атыраудың «Жеңіс» саябағындағы ескерткіш неге құлады? Оған кім жауапты? Оқыс оқиға кеше кешкісін болған.

Ата-анасымен серуендеп жүрген 2015 және 2017 жылы туған екі бала нөсер жаңбырдан қорғанып, ескерткіштің панасына тығылған. Алайда түбі босап тұрған тоннаға тарта ауыр бюст опырылып, 3 адамның үстіне құлаған. Ескерткіштің астында қалған 7 жастағы қыз мерт болды. Ал оның әкесі мен бауыры ауруханада жатыр.

Ержан Есболаев, облыстық балалар ауруханасы басшысының орынбасары:

- 7 жасар пациентіміз ауыр дене жарақатымен реанимация бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайының ауырлығына, жарақаттың күрделіліген байланысты бала шетінеді. Екінші пациентіміз травмпунктте қаралды. Қолдың жабық сынығы және ауыз қуыс тілдің жарақатына және денесінің бет жарақатына байланысты ем көрсетілді.

Нұржан Ермұханов, қала әкімінің орынбасары:

- Қазіргі уақытта барлық бюсттар Атырау қаласы әкімдігінің тапсырмасымен қоршауға алынды. Барлық құжаттар жинақталып, тексеруші құзырлы органдарға беріліп жатыр. Қазір қандай жағдайда не болғанын анықтап, қосымша ақпарат береміз.