Атыраудағы өртті ауыздықтау қиынға соғып жатыр
89 гектар аумақ отқа оранды. 31 наурыз күні Каспий теңізінің жағалауында қамыстың өртенуінен басталған. Ал сәуірдің 3-інде Атырау мұнай өңдеу зауытында пештің жану режимі бұзылып, бірінші интеграцияланған газ-химия кешенінің құбырынан қара түтіннің шығып, экологиялық жағдайды күрделендіріп жіберген. Қазір екі кәсіпорынға қатысты тексеру жүргізілуде. Бұған дейін БАҚ өкілдері, көмірқышқыл газының мөлшерден тыс, 130 есе артық таралғанын хабарлаған. Бұл ақпаратты экология және табиғи ресурстар министрлігі теріске шығарды. 5 күн ішінде ауаның ең жоғарғы ластану фактісі тіркелмеген. «Ең жоғарғы және төменгі ластану көрсеткіштері белгіленген межеге сай дегенді білдіреді» — дейді мамандар.
Ерболат Қожықов, Экология және табиғи ресурстар министрлігі комитет төрағасының орынбасары:
-Мониторингтің нәтижесінде күкіртті сутегінің көлемі шамамен 0,3-0,6 миллиграмм метр кубты құрайды. Жалпы бұндай фактілер жиі болып тұрады. Атырау мұнай өңдеу зауытын айтатын болсақ, тек былтырғы жылдың өзінде 5 тексеріс болды. Нәтижесінде, шамамен 100 миллион теңге айыппұл салынып, тиісті нұсқамалар берілді. Сол нұсқаманың орындалуын біз қадағалап отырамыз.
Соңғы ақпарат бойынша, өрт шыққан аймақтың 95% жуығы сөндірілді. Адам шығыны жоқ. Өрттің жалпы ауданы 130 гектарды құрайды, оның 127 гектары сөндірілді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі ақпар таратты. Бірақ Атырау аспанын тұмшалаған түтін әлі сейілген жоқ. Өртке оранған алқап сөндірілгенімен, бықсып жатқан аумақтар бар. 4 тәулік бойы түтінге тұншығу онсыз да экологиясы нашар өңір тұрғындарына жайсыз тиді. Әрине өрт шыққан сәттен бастап облыстағы барлық күш жұмылдырылды. Бірақ нәтиже болмай тұр.
Биіктігі 2-2,5 метрден асатын нар қамыстардың басы лаулап жанғанымен, түбі суда тұрғандықтан бықсып, ащы түтін лезде төңіректі көк тұманға айналдырды. Қалың түтін Атырау аспанын тұмшалап тастады. Тынысы тарылған халық наразы.
Қамысты алқап батпақта орналасқандықтан, «Ақжайық» табиғи резерватындағы өрт бой бермей кетті. Онда арнайы техника бара алмай, қиындық туындады. Қорық қызметкерлері күн-түні арпалысқанымен, апатты бірден ауыздықтай алмады.
Әлімғали Дауылбаев, «Ақжайық» МТР директорының орынбасары:
-Кеше таңертең өшіріп тастайтын өрт, техника жоқ. 200-300 метрге дейін өшірдік, шлангымен су шаштық. Есіміз танып түнгі 11-ге дейін жүрдік.
70-тен астам өрт сөндіруші 12 техника мен 2 моторлы қайықты пайдалана отырып, өрттің таралмауына күш салды. Ол кезде жалынға оранған алқаптың аумағы 130 гектардан асып кеткен еді. Ал қолқаны қапқан күйік иісінің қалыңдығы сондай, көшеге шығу мұң. Қала мектептеріндегі сабақ қашықтан оқытуға көшірілді. Себебі мамандар қамыс түтінінің адам ағзасына залалы орасандығын айтып, дабыл қаққан.
Сырым Тілегенов, облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары:
-Тек қана қамыс өзі жанбайды, соның алаңында орналасқан ағаш, тасталған тұрмыстық қалдықтар бәрі жанады, бықсып жанған кезде ішінен қосымша диоксин деген сияқты ауыр металдар бөлінеді.
Облыс тұрғындарын сарсаңға салған тілсіз жау кешелі бері тізгінін тежегендей болды. Қазір Атырау аспаны ашылып, жұрт қалыпты тірлігіне көшкен. Дегенмен 4 күнге ұласқан өрт талай кемшіліктің бетін ашып бергендей. Біріншіден, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде техника тапшы. Екіншіден, саланы қаржыландыруда жүйе жоқ. Былтыр төтеншеліктерге жергілікті бюджеттен 900 млн бөлінсе, биыл бар болғаны 78 млн 500 мың теңге қарастырылған. Егер тік ұшақтың бір ұшуы үшін 1 млн 300 мың теңге төленетінін ескерсек, бұл ақша өртті бүркуге жетпейді.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев