ШҚО-дағы Зайсан көлінде екі балықшы суға батып кете жаздады
Тұғыл ауылының тұрғындары мұз қабатының жұқалығына қарамастан балық аулуға шығып кеткен. Алайда қайтар кезде мұз көбесі сөгіліп, олар жағадан 800 метр қашықтықта қалып қояды. Сөйтіп жанұшыра көмек шақырады. Абырой болғанда ауыл тұрғындары естіп, Төтенше жағдайлар қызметіне хабар берген. Оларды құтқару оңай болған жоқ. Өйткені балықшылар қалып қойған жерге жаяу бару да, қайықпен жету де қауіпті. Дегенмен мамандар резеңке қайықты пайдаланып, оларды жағаға аман-есен алып шықты.
Марина Лискова, облыстық ТЖД баспасөз хатшысы:
- Құтқарушылар тәуекелге бел буды деуге болады. Қараңғыда көл бетіндегі мұз бөліктерін қолмен итеріп тұрып балықшылар тұрған жерге әрең жетті. Жалпы дәл қазіргі уақыт өте қауіпті кезең. Өйткені мұз қабаты тұрақсыз. Сондықтан сақ болыңыздар!