Тоқаев Жаңаөзендегі жарылыс салдарын тез арада жоюды тапсырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңаөзенде болған жарылыстың салдарын жою жұмыстарын тез арада бітіру қажеттігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Жаңаөзенде болған жарылыстың салдарын жою жұмыстарын тез арада бітіру қажет. Жалпы, Жаңаөзен – мұнай-газ саласына ғана қарап отырған моноқала. Сол себепті, біз оны дамыту үшін арнайы кешенді жоспар қабылдадық. Осы құжатты мейлінше жүзеге асыру керек. Үкімет те бұл жұмысқа жауапты болады.
Айта кетейік, алматылық сарапшылар апаттың неден болғанын анықтауға кірісті. Үйінді астынан табылған 4 адамның бүгін жаназасы шығарылды. Зардап шеккен 5 тұрғын қалалық ауруханада жатыр. Екеуінің жағдайы әлі де ауыр. 23 жастағы жүкті әйелдің құрсағындағы шарананы дәрігерлер ота арқылы алуға мәжбүр болды. Ал травматология бөліміне түскен қос жеткіншек пен ер адамның жағдайы жақсы. Мамандардың айтуынша баспанасыз қалған 9 отбасыға пәтер беру жоспарда.