Бедеулік пен белсіздік белең алып барады
Әлемде 48,5 миллион жұп бедеуліктен зардап шегеді. Оның 17,5% - орта жастағы адамдар. Демек дерт жастар арасында дендеп барады. «Біздегі жағдай да көңілді көншітпейді», — дейді Денсаулық сақтау министрлігі. Қазақстандық отбасылар арасында бала сүюді армандаған жұптар саны азаймай тұр.
Бұрын әйелдер арасындағы бедеулік дегенді жиі естейтінбіз. Ал қазір ерлер арасындағы белсіздік белең алып тұр. Қазақстандық дәрігерлер, темір үзер шақта балалы бола алмай жатқан жас жігіттердің көбейгенін айтып дабыл қағуда. Оның бірнеше себебі бар.
Ақылбек Пшенбаев, уролог-андролог:
-Нормасына қарағанда 3 ай бала көтермесе, бұл сұрақты көтеру керек. Бүгінгі күні бүкіл генетиканы тексеруге болады. Эндокринологиясын тексеруге болады. Оның коррекциясын жасап, ем көрсетуге болады. Бізге келген науқастардың ұрықтары жоқ. Оларға көмек береміз.
Мамандардың айтуынша, балалы бола алмай жүргендердің барлығын бедеу деп айтуға болмайды. Тек кейбірінде ұрықтың күші азаяды. 5-тен 95% дейін төмендесе, оны емдеуге отандық дәрігерлер қауқарлы. Ем-домды 6 ай қабылдаған соң, ұрықтың күші артпаса, әрі қарай ұрықтандыруға жібереді.
Владимир Ким, «Репродуктивті денсаулық» бағдарламасының жетекшісі:
-Мұнда ерлердің спермалары мен әйелдердің аналық клеткалары қатырылып, 3 жыл немесе өмір бойына сақталады. Эмбриондарды алып-сату бойынша қара базар немесе басқа мекемелер болуы мүмкін. Бірақ бізде жоқ.
Заң бойынша 35 жасқа дейінгі ер адам анонимді түрде донор бола алады. Дені сау, дене бітімі қалыпты дамыған, генетикалық сараптамасы жақсы болса ғана, жарамды деп табылмақ. Ал қаржы табуға құмартқандар бірнеше рет тапсыруға өтінім білдіреді екен. Ал 10 реттен артық болмайды деп заңмен шектеген.
Иманкулова Балкенже, акушер-гинеколог:
-35 жастан кейін аналық бездің жұмысы төмендейді деп айтамыз. Генеталдық инфекция бар. Жатыр потологиясы тағы бар. Эндометриоз ауруы өршуде қазір. Тек әйел адамдарда ғана емес, жасөспірімдерде де бар.
Мамандар құрсақ көтергісі келгендерге көмек беруге дайын. Ал дінімізде бұл мәселенің өз пәтуасы бар екен.
Ерғали Байділдаев, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы:
-Ерлі-зайыптылар ақ некеде болса, шариғат бойынша рұқсат етіледі. Өзге әйел адамдарға қондыру және сату бойынша ол шариғат тыйым салынған. Себебі зина болып табылады. Өзге әйелмен қатынасқа түскендей болады.
Репродуктолог мамандар: «Жасанды ұрықтандыру жолымен дүниеге келген баланың денсаулығы қалыпты болады», - дейді. Сондықтан мемлекет тарапынан бөлінетін жасанды ұрықтандыру квотасы жыл санап артуда. Бұл демографияны көтеруге көмек болатын бір фактор.
Авторлары: Диана Қадыр, Аян Сарсенбаев