Хабар телеарнасы

Ел сарбаздары екі халықаралық әскери жиынға қатысады

Бірі Беларусь, ендігісі Қырғызстанда өтеді. Бұдан бөлек бірнеше ел арасында өтетін бітімгерлік оқу-жаттығуларға да барады. «Геосаяси ахуал шиеленіскен шақта тәжірибе алмасудың игілігі мол», — дейді мамандар. «Тиісінше әлемдегі қақтығыстарды мұқият қадағалап отырмыз» деген қарулы күштер әскери әдістерде өзгерістер болып жатқанын айтады. Мәселен, қазіргі таңда жоғары дәлдікпен қашықтан оқ атып, зақымдайтын құралдардың, ұшқышсыз авиацияның, қалықтауыш оқ-дәрілер, жеке әскери компаниялардың және ақпараттық кеңістік арқылы күресу құралдарының маңызы артқан.

Дәурен Абдуллин, ҚР Қарулы Күштері Бас штабы Жедел жоспарлау департаменті бастығының орынбасары:
-Осындай армияны қайта құруға қадамдар жасалуда. Бұл процесстің қиын екенін білеміз. Қазіргі таңдағы негізгі тапсырма — Қарулы күштеріміз қарсыластың кеңінен қолданатын дәстүрлі немесе гибридтік әдістермен күрес жүргізетін әртүрлі ауқымдағы әскери қақтығыста мемлекетіміздің мүдделерін қорғауға әзір болуы.