Ақмола облысындағы бірқатар елді мекенде ұялы байланыс жоқ
Ақмола облысындағы бірқатар елді мекенде ұялы байланыс жоқ. Тіпті қала іргесіндегі ауылдардың өзінде жағдай мәз емес. Ал ғаламтор желісінің жылдамдығы мардымсыз.
Ұялы байланыс пен интернет тауқыметін тартып отырғандардың бірі - Жаңауыл халқы. Қаладан 30 шақырым жерде орналасқан. Ауыл тұрғыны Бақыт Әубәкірованың айтуынша, соңғы жылдары байланыс қызметі қатты нашарлап кеткен. Ал ғаламторға кіріп, жұмыс істеу мүлдем арманға айналған.
Бақыт Әубәкірова, ауыл тұрғыны:
- Интернет үш төрт күн істесе, бір апта істемеуі мүмкін. Бұл мектепке баратын балаларымыз үшін қиын. Интернетке қосыла алмай қиналады. Ал қатты желді күндері ұялы байланыс мүлдем жоғалады.
Жаңауылда 200-ге жуық адам тұрады. Олардың дені қалаға қатынап жұмыс істейді. Ұялы байланыстың жоқтығынан ауыл тұрғындары: «Жедел-жәрдем көмегіне де жүгіне алмаймыз», - деп ашынып отыр.
Құрманбай Абдулғазин, ауыл тұрғыны:
- Өткенде ауылда бір жігіт қайтты. Не Еленовкаға, не қалаға звондай алмадық. Зерендіге де жалоба бердік. Анау телекомпанияға звойдаймыз. Вообще телефон алмайды. Ал аудан шенеуніктері болса, мәселені шешуге асығар емес.
Бақтияр Ақтанов, аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Біз өз тарапымыздан ұялы байланыс операторларына шағым жазамыз, тұрғындардың өтінішін жеткіземіз. Тиісті сала мамандарымен дөңгелек үстелдер өткіземіз. Мәселені талқылаймыз.
Жалпы ауыл тұрғындары үшін арнайы «250+» бағдарламасы іске қосылаған. Десе де, ол жобаға халық саны 200-ден асатын елді мекендер ғана кіреді. Сондықтан адам саны аз ауылдардың мәселесі ұлттық жоба аясында шешімін таппақ.
Сағадат Дүйсенбаев, облыстық цифрландыру және архивтер басқармасы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- «Қолжетімді интернет» жобасы аясында ұзындығы үш жарым мың шақырым интернет желісін тартуды көздеп отырмыз. Жоба 4 жылға жоспарланған. Оған қазынадан шамамен 2 млрд. теңге қарастырылмақ.
Осылайша жоба аясында 250-ге жуық ауылдағы интернет мәселесі шешіледі деп жоспарланған. Ал жүзден астам ауылға байланыс антеннасы орнатылмақ.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный