Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысындағы өрттен 4 азамат жарақат алды

Жаңажол газ өңдеу зауытында болған өрттен жарақат алған 4 адам Ақтөбеге жеткізіледі. Жұмысшылардың жай-күйін санавиация дәрігерлері тексеруі тиіс. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, денелерінің 48% дейін күйік шалған. Төтенше оқиға ілеспе газды өңдеу зауытында болды. Тілсіз жау жанармай құйылған 20 тонналық 5 цистернаға жетпей ауыздықталды. Өртті сөндіруге 50 құтқарушы мен 9 арнайы техника жұмылдырылған. Қазір комиссия көгілдір отынның тұтану себебін анықтап жатыр. 

Марат Жанқұлов, облыстық Жедел медициналық жәрдем бекетінің бас дәрігері:
-Бір науқастың кеуде тұсы мен білектері, екіншісінің беті күйген. Барлығы да қазір есін біледі. Жедел медициналық жәрдем ауруханасындағы күйік орталығында комбустиолог дәрігеріміз бар. Сол жерде тиісті ем көрсетілді. Одан кейін, науқастардың жай-күйіне қарай біреуін тікұшақпен, қалған үшеуін автомобильмен Ақтөбеге жеткізіледі.