Газды сатып алудың жаңа формуласы таныстырылды
Еліміздің әлемдегі газ өндіретін үздік мемлекеттердің қатарынан табылуға мол мүмкіндігі бар. Әлі игерілмеген жер көп. Газ саласындағы жер қойнауын пайдаланушылардың форумында осы тақырып көтерілді. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған жиында қатысушыларға Қазақстанда тауарлы газды сатып алудың жаңа формуласы таныстырылып, саланың бүгіні мен болашағы талқыланды.
Форумға еліміздің барлық аймағынан мұнай-газ саласының мамандары мен газ өндіретін отандық және халықаралық компаниялардың, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. «QazaqGaz» ұлттық компаниясы басшылығының сөзінше, қазір елімізде газ өндіруге болатын, бірақ игерілмей жатқан жер қойнауы жетерлік. Сондықтан, олар әлеуетті өндірушілерді шақырады.
Санжар Жаркешов, «QAZAQGAZ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Әлемдік деңгейде топ-10 мемлекеттің ішіне кіруге үлкен потенциалы бар. 3,8 трлн текше метр расталған газ қорымыз бар. 62 трлн текше метр болжамдық ресурсымыз бар. Сондықтан Қазақстан тек мұнай мемлекеті емес, газ мемлекеті ретінде де танылуға барлық шансы бар.
Ал осынау байлықты игеру үшін мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетіледі. Бүгінде газдың орташа бағасы 1 мың текше метріне 40-50 АҚШ доллары болса, енді оны кемінде 110-120 долларға дейін жеткізу көзделіп отыр. Осылайша жаңа формула өндірушілерге газды 2-2,5 есе қымбат сатуға мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде геологиялық барлау мен газ қорын игеруге жол ашпақ. Одан бөлек басқа да жеңілдіктер қарастырылған.
Асхат Хасенов, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Күкірт сутегі 3,5% жоғары болса немесе аномальды жоғары қысымды ұңғымалар болса, олар бойынша біз арнайы техникалық критерийларды бекіттік. Сол техникалық критерийларға сәйкес келсе, ол регулиторлық техникалық приференцияларды алатын болады. Және соған көзделген әрбір жер қойнауы бойынша салықтық приференциялар бар.
Форум аясында «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы 30-ға жуық жер қойнауын пайдаланушы компаниямен қосымша газ көлемін сатып алу бойынша алдын ала келісімдерге қол қойып, бірлесіп жұмыс істеуге келісті.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Аманжол Байғазин