Жамбыл облысында спорт алаңдары пайдалануға беріле бастады
Балаларға арналған алаңдар ең алдымен Бөлтірік шешен ауылында ашылды. Демеушілік жобалар алдағы уақытта Талас аудандағы Ойық, Сейілбек, Ұланбел елді мекендерінде де қолданысқа беріледі. Жоба аймақтағы «Амангелді» газ кен орнының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында қолға алынды.
Бөлтірік шешен ауылының орталығындағы мына алаң 3 апта бұрын бос жер болатын. Аз уақытта баскетбол мен стритворкаут алаңы бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Тән саулығын сақтап, спортпен шұғылдану үшін соңғы үлгідегі керек жарақпен жабдықталған. Ал әлеуметік нысанның ашылғанына ауылдықтар разы.
Ержан Еркебаев, ауыл тұрғыны:
- Бұрын бір ақ алаң болған, анау мини футбол. Ал енді мынау қандай жақсы болып тұр. Енді балалармен өзіміз кеп ойнаймыз. Ауылдағы жүздеген жастарымыз, соларға өте қуаныштымыз, солар үшін өте жақсы болды.
Ернұр Мәдібек, 9-сынып оқушысы:
-Форма беріп жатыр, доп беріп жатыр. Барлық жағдайымызды жасап жатыр. Біз енді осы спортты жақсылап қамтимыз деп ойлаймыз. Осындай жағдай жасалғаннан кейін біз қаланың балаларынан кем түспейміз деп ойлаймын.
Игілікті іс «QazaqGaz барлау және өндіру» серіктестігінің бастамасымен «Samruk-Kazhyna Trust» қоры арқылы қаржыландырылды. Жалпы 4 ауылдағы әуеуметтік нысанға 200 млн теңгеге жуық қаржы бөліп отыр. «Амангелді» газ кен орны 20 жылда 5 млрд текше метр газ өндірген. Бүгінде жылына 300 млн текше метр газ шығарады. Компания бұл көлемді алдағы уақытта арттыруға ниетті.
Алмас Қуандықов, «QazaqGaz барлау және өндіру» ЖШС бас директоры:
- Қазір ресурстық базаны арттыру бойынша бірнеше жобаны бастап жатырмыз. Биыл 3 тоқсанда Анабай деген кен орнын ашамыз. Сосын орта мерзімде тағы 3 кен орнын ашамыз деп ойлаймын.
Газ өндіру компаниясы әлеуметтік бағыттағы жұмыстарын жалғастыра береді. Мәселен, биылдан бастап ауылдық жердегі әлеуметтік жағдайы төмен студенттерге оқу гранттарын ұсынбақ.
Авторлары: Мерей Бает Тимур Сейілхан Руслан Ахатіллә