Абай облысындағы орман өртін сөндіруге 10 тікұшақ жұмылдырылды
Жедел штаб өкілдері осылай деп мәлімдеді. Қазір өрт сөндірушілер мен әскерилер жартылай жанған ағаштар мен қоламтаға су шашу жұмысын жүргізуде. Оқиға орнында 852 адам, 201 техника, 1 өрт сөндіру пойызы мен 10 тікұшақ жүр. Бұған дейін әуеден 357 тонна су төгілген. Ең бастысы, елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Осыдан 3 күн бұрын эвакуацияланған Березовка санаторийі ауылы тұрғындары біртіндеп үйлеріне орала бастады. Алдын ала болжам бойынша 3,5 мың га жуық алқап отқа оранған.
Димитрий Гариков, Бородулиха ауданындағы төтенше жағдайды жою штабының жетекшісі:
- Өрт толық сөнді деп айтуға әлі ерте. Жағдайды толық бақылауда ұстап отырмыз. Барлық техника осында. Қазір орман шаруашылығы қызметкерлері бықсып жатқан ағаштарды кесіп жатыр.