Саяси қуғын-сүргін материалдары толық зерттеледі
31-ші мамыр – Қазақстанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.
Бұл - халқымыздың тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі. Сондықтан болар, бүгін Алматыға жұмыс сапарымен барған мемлекет басшысының ең алғашқы нысаны - ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы болды. Мұнда Президенттің тапсырмасымен, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын ақтау ісіне қатысты құжаттар сақталған. Ол жұмыс қазір қалай жүріп жатыр?
Бұл орталықтың атмосферасының өзі бөлек. Сарғайған қағаздар, шеті мүжілген том-том істер. Ең бастысы, мұнда қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының қилы тағдыры жазылған. Кім қанша жылға сотталды, қай жылы атылды. Түрмеде жазған хаттары мен жазбаларының, тіпті, төлқұжаттарының түпнұсқалары да сақтаулы. Солардың бірі Ахмет Байтұрсынұлының түрмеде жазған хаты.
«Біз ұзақмерзімді уақытта Ахмет Байтұрсынұлының қолжазбаларын көрмеген едік. Мұнда сол өз қолымен жазған. Расында, бұл өте құнды құжат екен өз қолымен жазған».
Орталыққа бұған дейін құпия болып келген осындай 260 мыңнан астам іс келіп түскен. Олар Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас Прокуратураның Мемлекеттік архивтерінен алыныпты. Ал құжаттарға үңілсең, денең түршігеді. Мәселен, соғыс жылдарынан кейін Қостанайда үш адам өзара Кеңес Үкіметінің саясатына қайшы келетін тақырыпта әңгіме өрбіткені үшін 25 жылға сотталып кеткен.
Гүлшат Нұрымбетова, зерттеу орталығының жетекшісі:
- Жалпы саяси қуғын-сүргін өзіңізге жақсы мәлім, жас, кәрі деп таңдаған жоқ. Соның бір дәлелі - алдыңызда тұрған айғақ. 17 жастағы баланы Сталин мен Кагановичтің портреттерін рогаткамен атқылағаны үшін тартылған. Бұл сұраныстар бізге шетелден, жақын шетелден түсіп жатыр. Кезіндегі ұрпақтарының сұранысы әлі күнге дейін толастап жатқан жоқ. Оңтүстік Корея, Германия мен Ресейден біз хат алудамыз.
Ал құжаттарды толық зерттеп, ғылыми айналымға енгізу үшін мұнда барлық мүмкіндік бар. Көнерген құжаттар зертханаларда арнайы аппараттардың көмегімен қалыпқа келтіріледі. Сарғайғаны ағартылып, шеті мүжілгені бүтінделеді. Тіпті өшіп бара жатқан мәтіннің өзі өңделмек. Осылайша мыңдаған құжаттың миллиондаған парағы мамандардың мұқият қарауынан өтеді.
- Негізгі мақсатымыз – осы құжаттардың сақталу мерзімін неғұрлым ұзарту және пайдаланушыларға ыңғайлы жағдай жасау. Сол себепті, құжаттардың электронды көшірмесін жасап, цифрлы форматқа көшіреміз. Өткен 2022 жылы 15 мың құжат, яғни, 2 жарым млн парақ сканерленді. Биыл тағы да сондай жоспарланып отыр.
– Архив деген ол – біздің тарихымыздың негізі ғой. Сондықтан, тиісті құжаттарды дұрыстап сақтауымыз керек. Бұл ел үшін керек.
Ал қалпына келтірілген құжаттар қажет болған жағдайда Президент жанындағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның қарауына ұсынылады.
Дамир Берікұлы, тілші:
- Қалпына келтірілген құжаттарды сақтау да өте маңызды. Ол үшін қолда бар құнды дүниелердің барлығы мына жерде цифрлы форматқа көшіріледі. Сол цифрлы форматтың өзі ұзақ уақыт сақталу үшін дәл мына зертханада олар микрофильмге айналдырылады. Ал ол жұмыстың қалай жүргізілетінін қазір көрсете алмаймыз. Себебі, ол өте құпия жағдай және мына жердің барлығы қараңғыланып жасалады. Дегенмен, оның нәтижесін көруге болады. Міне, құжаттардың барлығы мынадай таспаға жазылады. Ал ол 500 жыл сақталады.
Қуғын-сүргін құрбандарына қатысты материалдардың барлығы енді жан-жақты зерттеліп, біртіндеп жарыққа шығарыла бастайды. Нақтырақ айтсақ, ғылыми мақалалар жазылып, жинақ жасалады. Мәселен, қазір тарихшы ғалымдар мен орталық қызметкерлері «Алашорда ісі. 1920-1940 жылдар. Құжаттар мен материалдар» атты көптомдықты баспаға дайындап жатыр.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Марат Диханбаев, Айдос Ентебеков