Павлодарда ауа температурасы +40 градустан түспей тұр
Ыстыққа шыдамаған қала халқы ипподромға жиналып, құрбан шалды. Жиналған 500-ге жуық азамат шариғат талабына сай тасаттық намазын оқып, Құдайдан жаңбыр тіледі.
Аптап ыстық қан қысымы жоғары, жүрек қан тамырлары аурулары бар науқастар мен егде жастағы адамдарға ауыр тиіп жатыр. Сондықтан дәрігерлер себепсіз үйден шықпауға кеңес береді. Ал коммуналдық сала, күшейтілген жұмыс кестесіне көшті. Синоптиктердің айтуынша, соңғы 10 жылда облыста мұндай ыстық болмаған. Соңғы күндері жедел жәрдем қызметіне салмақ түсіп жатыр. Шақыртулар саны 12% өскен.
Ирина Мищенко, жедел жәрдем бекеті басшысының орынбасары:
- Соңғы екі күнде қоғамдық орындардан шақыртулар көптеп түсіп жатыр. Екі күн бұрын 20, кеше 17 адам жедел жәрдем көмегіне жүгінді. Олар ыстықтың әсерінен қоғамдық орындарда есінен танып құлап қалған.
Оксана Овсянникова, облыстық ауа райын болжау орталығының бөлім басшысы:
- Маусымның 10-на қарай тұрақсыз ауа райы қалыптасады. Өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыстың көп бөлігінде желдің жылдамдығы артып, шаңды дауыл тұрады.