Семейліктер өртпен арпалысып жатқандарға көмек көрсетіп жатыр
Абай облысындағы алапат өрт ешкімді де бей-жай қалдырған жоқ. Семей тұрғындары тілсіз жаумен арпалысып жатқан жандарға қолдан келген көмектерін көрсетіп жатыр. Оқиға орнында 80-ге жуық ерікті жұмыс істеуде. Бұдан бөлек Семей, Өскемен, Астана қалаларынан 100-ден астам адам игі іске атсалысып жатыр.
Әлия Рахымбаеваның еріктілер қозғалысында жұмыс істеп жүргеніне 6 жылға жуықтапты. Оның қасында өзі секілді жақсылыққа жаны құштар жандар көп. Олар қазір алапат өртпен арпалысып жатқан азаматтарға күн сайын азық-түлік тасып жатыр.
Әлия Рахымбаева, еріктілер қозғалысының мүшесі:
- Штабтарда тамақ жасап көмектесіп, дәрілерді апарып. Өйткені біреудің қолы күйген. Екіншісінің аяғына сүйел шығып, дәрі сұрап жатыр. Кеше мысалы, Талици ауылынан түнгі 12-де шықтық. Бәріне, 250 адамға тамақ бердік.
Қаладағы қарапайым тұрғындар да күллі елді алаңдатқан өрттің тезірек сөнуіне шамасы жеткенше үлесін қосуда. «Ең бастысы–көңіл, таза пейіл»,-дейді олар.
Еркежан Нұрлыбекова, қала тұрғыны:
- Осыны естіген кезде бірден сбор ашып, көмек қолын созуға кірістік. 2 күн болды, кешеден бастап кешкі 7-ден таңғы 7-ге дейін үш ауылға барып, бірнеше рет тамақ, дәрілер апарып бердік. Инстаграмға салған болатынбыз постты. Бәріміз бірге көмектесейік деп. Соған репосттар көп жасалды. Осы Семейдің адамдары қосылды. Дәрі-дәрмек қажет.
Думан Сымбатұлы, қала тұрғыны:
- Бәрі сұрап жатыр. Дос балалар хабарласқан. Сонымен айналысады ғой, волнтерлер. Соны дайындап беріп жатырмын. Көп нәрсе керек. Негізгісі киім мен дәрі ғой.
Марат Құрманбай, кәсіпкер:
- Қазіргі күні біз апарып жатқан матрастар, киетін ішкі киімдер, тамақтар, темекі, колбаса, айран, ішкі киім, қолғаптар, қолды жуатын сабын, тісті тазалайтын шетка, өздері сұраған көп нәрсені жеткізіп жатырмыз.
Қазір еріктілерде тыным жоқ. Олар тек соңғы тәулікте 1 жарым тонна ауызсу, 400 келі қой мен құс етін, 600 келі көкөніс жеткізіпті.
Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы