Абай облысының халқына гуманитарлық көмек: 127 млн теңге жиналды
Абай облысының халқына гуманитарлық көмек көрсету мақсатында құрылған волонтерлар желісіне осынша қаражат түсті. Оқиға орнында 80-ге жуық ерікті жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек Семей, Өскемен, Астана қалаларынан 100-ден астам адам жәрдемдесуге келген. Өрт басталғалы бері құтқарушыларға 1 жарым тонна ет, 1 тонна сүт пен 4000 литр май және басқа да азық-түлік түрлері жеткізілген. Павлодар, Өскемен, Алматы, Қарағанды, Астана қалалары мен еліміздің өзге де өңірлерінен гуманитарлық көмек толастар емес. Семейге тақау орналасқан екі ауылдың тұрғындары әлі де жатақханада уақытша тұрып жатыр. Ал Бұлақ ауылының 111 тұрғыны үйіне қайтқан. Қарағайлы орман жетінші күн қатарынан жанып жатыр. Тілсіз жаумен күреске 1800 адам мен 350 арнайы техника жұмылдырылған.
Шолпан Молдағалиева, жедел штаб өкілі:
-Гуманитарлық көмек жасалып жатыр. Елдер жалғыз басымен, отбасымен, ұйымдарымен, фирмаларымен, әкімдік болсын, бәрі келіп жатыр. Жан жақтан, басқа облыстардан, басқа аудандардан, бәрі келіп жатыр. Көп-көп рахмет.
Есбол Дәріпбай, волонтёр:
-Үшінші күн болды жұмыс істеп жүргеніме. Таңертең келеміз, тамақтар тасимыз. Каштак, Талица жаққа. Белгілі машиналарды ғана өткізеді. Қауіпті жер болғаннан кейін анау-мынаудың бәрін өткізбей жатыр.