Алматы ауруханасындағы АИТВ вирусы: эпидемиологиялық тергеу жүріп жатыр
Алматыдағы орталық ауруханадан иммунтапшылық вирусы инфекциясының анықталуына байланысты эпидемиологиялық тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы Сенат қабырғасында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. Еліміздің Бас санитарлық дәрігері жетекшілік ететін комиссия құрамында министрліктің ең мықты мамандары бар. Олар аталған инфекцияның қайдан және қалай келгенін анықтайды. Кешенді тексеріс жүргізіледі. Министрдің сөзінше, емдеу мекемесінде барлық талаптар мен ережелер сақталса, емделушілердің инфекцияны ауруханада жұқтыруы мүмкін емес.
Айта кетейік, Алматының орталық клиникалық ауруханасында үш науқастан «адамның иммунтапшылық вирусы инфекциясы» анықталған болатын.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Негізі түсінікті болу үшін айтып кетейін. ВИЧ инфекциясын жұқтырған немесе ауыратын адамдар әртүрлі аурулармен ауырады. Ондай аурулар әрбір ауруханада, әрбір емханада ем алуға құқылы. Әрі алып та жатыр. Сондықтан ондай аурулар басқа аурулармен немесе хирургиялық операцияларға сол ауруханаларға түсуі мүмкін. Сондықтан бұл толық тексерілуі керек.