Қарағандыда жансақтау бөлімінде жатқан бала есін жиды
Дәрігерлер енді оның өміріне еш қауіп жоқ деп отыр. Еске салсақ, күні кеше дүлей дауыл Көгілдір тоған ықшам ауданындағы үй аулаларының бірінде жасанды көгалды үстінде ойнап отырған екі баламен қоса ұшырып әкеткен еді. Соның кесірінен 8 жастағы балақайдың бас және жақ сүйектері, қолы сынған. Миына зақым келген. Бүгін оған операция жасалды. Ал 9 жастағы екінші баланың жағдайы қалыпты. Клиникалық ауруханада ем қабылдап жатыр. Ауладағы жасанды көгалды мердігер компания бір апта бұрын ғана орната бастаған. Жұмыс әлі аяқталмапты. Сондықтан жиегі бекітілмеген. Қауіпсіздік талаптары неге сақталмағанын құзырлы органдар анықтайды. Қылмыстық кодекстің 306 бабы бойынша іс қозғалды.
Ғабит Махамбаев, дәрігер-нейрохирург:
-Шоковый состояниеден шығардық. Қазір жағдайы жақсарды баланың. Есі анық, сөйлейді бала. Нейрохирургтар мына маңдай сүйегін сынған орнына қоямыз, төменгі жақ сүйегін орнына қояды, жоғарғы жақ сүйегін де бекітеді. Травматологтар өз жұмысын істейді. Оң қолы сынған баланың. Оны да қалпына келтіреді.