Көлсайды көруге баратындар қатары көбейді
Көлсайдың көркем көлдері мен көрікті жерлерін көруге арнайы баратындар қатары көбейді. Тамаша табиғатына тамсанбай қайтқан жан әсте жоқ шығар. Ал шетелден келетін саяхатшылар таудың ғажап көрінісі мен көлдегі судың тазалығына таңданады. Кейінгі жылдары ұлттық паркте инфрақұрылым жетілдіріліп, қызмет көрсету сапасы да жақсарғанын айта кетейік. Дегенмен Қайыңды жолы, интернет, қонақ үй жетіспеушілігі сынды мәселелер әлі де бар.
Көлсайдың табиғаты ғажап. Ерекше әсер қалдырар әсем көріністі тамашалауға еліміз бен шетелден көптеген саяхатшы ағылады. Тек өткен жылы Көлсай көлдеріне 200 мың адам келген. Бұл сан жылдан жылға артып жатқаны қуантады. Қазіргі ұлттық парк басшылығының мақсаты еліміздегі ішкі туризмді дамыту, көлдің табиғи байлықтарын сақтап қалу және қорғау. «Инфрақұрылым мәселесі де тездетіп шешілше екен», - дейді көлдің сұлулығына тамсанған саяхатшылар.
Жарас Ниязбек, журналист:
- Осыдан бірнеше жылдармен салыстырған Көлсайдың демалыс аймағы көп-көрім ілгерілеу бар. Бірақ енді мынау топырлап тұрған автокөліктер. Табиғи жағынан алсақ та осы жерге ыңғайсыз, қолайсыздық тудырып жатыр. Сондықтан алдағы уақытта осы парк иелері айтып жатыр, автотұрақты төменге апарымыз деп.
Махиндер Тайнала, саяхатшы:
- Қайыңды туралы әлеуметтік желіден көріп, білдім. Алдымен Алматыға жеткен соң. Осында дереу жолға шықтық. Барлығы керемет. Дәл мұндай көркем табиғат еш жерде жоқ шығар. Бірақ интернет ұстамайды екен. Мен тікелей эфирге шығып, барлық достарыма Қайыңдыны әсем қалпында көрсетгім келген. Осы мәселені қолға алу керек деп ойлаймын.
Бүгінгі күні ұлттық парк аумағында жеті туристік маршрут бар. Оның барлығы жұмыс істеп тұр. Саяхатшылар жоғарғы Көлсай және төменгі Көлсайға жаяу немесе атпен бара алады. Ортаңғы Көлсайда қайықпен серуендей аласыз. Парк жанында 50 астам киіз үй тігілген. Демалушылар осында қонып, ұлттық тағамдардан дәм татады. Осылайша туристік аймақта кәсіпкерлік саласы да дамып келеді.
Әділхан Батанов, «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары:
- Туристік маршруттар аббаттандырылған. Әлі де аббантандыру жұмыстарын қажет етеді. Ол енді мына келушілердің санының жылдан жылға артуына байланысты өзге де Көлсайдағы туристік маршруттардың рекриациялық жүктемесін азайту мақсатында басқа сайларға да, басқа көрікті жерлерге маршруттар ашу жоспарланған.
Көлсайдан оншақты шақырым жерде табиғаты ерекше Қайыңды көлі бар. Бір ғасыр бұрын жер сілкінісі кезінде пайда болған Қайыңдының суы жылдан жылға азайып бара жатыр. Қазір бұл ұлттық парктің негізгі проблемасы. Қайыңдыны сақтап қалу үшін көл аузына тоспа салу ісі терең зерттеліп, құрылысты бастау осы жылға жоспарланды. Қайыңдыға жеңіл көлікпен жету мүмкін емес. «Саты ауылы мен Қайыңды» арасын жалғайтын күре жол құрылысынның жобасы да әзірленген. Жол салынса, инфрақұрылымы жақсара түспек.
Авторлары: Алмас Садуақас, Аманжол Жөнкешов