Хабар телеарнасы

Қарағандыда жылдың үздік дәрігерлеріне облыс әкімінің дәстүрлі жүлдесі табысталды

10 жеңімпаз қомақты ақшалай жүлдеге ие болды. Ал өнер жұлдыздары ән мен жырдан шашу шашты. Сонымен биылғы байқауда оза шапқандар кім, бас жүлде кімге бұйырды?

Адам жанының арашашысы болған абзал жандарға бұл күні барынша құрмет көрсетілді. Салтанатты шарада саналы ғұмырын медицина саласына арнаған майталман мамандар «үздік педиатор», «үздік медбике», «үздік хирург» секілді 10 аталым бойынша марапатталды. Оның екеуі биыл жаңадан тағайындалған, «Үздік ауыл дәрігері» және «Үздік жас дәрігер».

Қайрат Шәкеев, хирург:
-1991 жылдан бастап хирургияда жәй хирург, кезекші хирург болып, кейін бөлімді меңгердім. 32 жылда енді мыңдаған бар шығар. Бір аптада 5-6 операция, соны қосқанда бірнеше мыңнан шығады. Ақ халатты абзал жандардікі ең қиын жұмыс деп айтуға болады.

Облыс басшысы отандық медицина саласын дамытуға бөлінетін қаржының жыл сайын ұлғайып келе жатқанын айтты. Алдағы екі жыл ішінде аймақта 92 денсаулық сақтау нысаны салынбақ. Бұл еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар жүздеген дәрігер шетелге біліктілігін арттыруға аттанған.

Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
-Халықтың денсаулығын жақсарту жаңа Қазақстанды дамытудың басты бағыттарының бірі болып табылады. Сондықтан да отандық денсаулық сақтау саласын дамыту мәселесі жыл сайынғы жолдауларда және басқа да стратегиялық құжаттарда көрініс тауып келеді.

Кештің басты сыйлығы «Мамандыққа адалдық» аталымын Теміртау қаласындағы көпсалалы ана мен бала орталығының акушер-гинеколог дәрігері Валерий Лаишев жеңіп алды. Оған 2 миллион теңге ақшалай сыйлық тапсырылды. 70 жастағы ардагердің медицина саласында еңбек еткеніне биыл 44 жыл болған. Бұл күні жеңімпаздар құрметіне жергілікті өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Зарина Зұлпыхар