Сыр өңірінде ұлттық ат спортын дамыту үшін жаттығу орны қажет
Алыстағы ауылдың спорт алаңында шеберліктерін шыңдап жүрген өрендер, ел біріншіліктерінде үздік үштіктен төмендеген емес. Көкпар, жамбы ату, теңге ілу шеберлерінің дені Жаңақорған ауданының өрендері. Болашағынан зор үміт күттіретін шабандоздарға қолдау бола ма?
Мәди Ақайдар 12 жасынан көкпар тартып жүр. Ал бір жылдан бері теңге ілудің де қыр-сырын меңгере бастаған. Биыл бірінші рет Қазақстан чемпионатында өнер көрсетті. Қанжығасы майланды.
Мәди Ақайдар, шабандоз:
- Биыл бірінші жарысым болған соң шамалы қобалжу болды. Бірінші жарысымда «Қос құлаш» стилінен 3-орын иелендім. Алдағы мақсат -дұрыстап дайындалып, келесі жылы чемпион болсақ деп отырмыз.
Ақәділ Пернебай да 10 жасынан атқа отырған. Ол жамбы атудан өткен жылы чемион болып үлгерді. Бірақ мақсаты бұдан да биік.
Ақәділ Пернебай, шабандоз:
-2024 жылы жастар арасында чемпион болып, әлемдік жарыстарға жолдама алу.
Ат спорты жүйелі қолдауды қажет ететін сала. Жылқы, ат әбзелдері, садақ секілді құралдар үнемі дайын болу керек. Кенже қалған спорттың күрмеулі тұстарын тізе беруге болады.
Ғалымжан Өміртай, жамбы ату спортынан жаттықтырушы:
-15 балаға 4 садақ. Кешегі жарыстың өзінде 6 бала бардық жарысқа. Бірақ садағымыз төртеу. Ауысып атып, солай істеп жатырмыз. Бір оқ 5 мың теңге тұрады. Әр тренеровкада 1-2 оқ сынады.
Қанат Абылбеков, теңге ілу спортынан жаттықтырушы:
- Кемінде қазір үш стиль етіп қойды. Бұрын теңге алу да бір стиль болатын, шауып өтетін. Қазір 3 стиль. 3 күн болады. Үшеуіне үш түрлі ат керек. Бір стильге үш баладан қатыса береді әр облыстан. Үш баланың өзіне үш түрлі ат керек.
Дегенмен соңғы жылдары өңірде ұлттық спортты дамытуға қомақты қаражат бөлініп отыр. 2018 жылдан бері көкпар, жамбы ату және теңге ілу түрі бойынша шабандоздарға арнап 20 ат сатып алынды.
Командалардың оқу-жаттығу жиындары мен өзге де шығындарына тиісті қолдау жасалып келеді. «Көп ұзамай өз алдына ипподром ашып беру мәселесі шешімін табады»,-дейді мамандар.
Ислам Боранбаев, облыстық ұлттық спорт түрлері құрамасының аға бапкері:
- Ипподром біздің осы Жаңақорған ауданының спорт клубы бар, сол аудандық спорт клубтың теңгерімінде тұр. Соны тек өзіміздің Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасына қабылданып алса, біздің оқу-жаттығу өткізетін алаңымыз сол жер болып қалады. Оның үстіне орталық халық, жастардың, балалардың атқа көбірек келіп айналысатын адамдар да көбейе түседі жалпы.
Жыл сайын ұлттық ат спорты түрлерінен Қазақстан құрамасына Қызылорда облысынан кемінде 15-20 шабандоз қосылады екен. Жауаптылардың айтуынша, бұл бағытқа жүйелі түрде қолдау көрсетіледі.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин