Бизнес өкілдері мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң жобасын сынға алды
Айтуларынша, құжатта олардың пікірлері ескерілмеген. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында айтылды. Сарапшылардың дерегі бойынша, былтырдың өзінде мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне қатысты 7 мыңнан астам әкімшілік іс қозғалыпты. Соған сәйкес 774 млн теңге айыппұл салынған. Кей мемлекеттік мекемелер ақшасы жоқ бола тұра байқау өткізген. Салдарынан тапсырысты орындаған кәсіпкерлер шығынға батқан. «Жиналған жаңа заңда осы және басқа да кемшіліктерге жол бермеу тетіктері жасалса», —дейді. Ал құжатты еліміздің қаржы министрлігі әзірлеп жатыр.
Руслан Шоқаев, «Атамекен» ҰКП департаментінің басқараушы директоры:
-Осы заң жобасына қатысты біз өз жұмыс тобымызды құрдық. Бас кеңсе мен өңірлік филиалдағы мамандар күшімен ұсыныстар тізімін жасадық. Бірақ қаржы министрлігі оны жобаға енгізбей отыр. Айтуларынша ұсыныстар заң актілерінде қамтылады. Кәсіпкерлер оны негізгі құжатқа жазуды сұрауда.