35 мектепте жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылына дейін аяқталмауы мүмкін
Биыл еліміздегі 250 ағарту ошағы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Алайда жаңа оқу жылына дейін 35 мектептің жөндеу жұмысы аяқталмай қалуы мүмкін. Бұл тізімде Жамбыл облысындағы 6 мектеп бар. Құрылыс жұмыстарының кешеуілдеуіне не себеп? Қыркүйекте оқушылар қайда оқымақ?
Тараз қаласында орналасқан № 28 орта мектептің іргетасы 1975 жылы қаланған. Ағарту ошағы содан бері күрделі жөндеу көрмепті. Тозған мектепке тұрғындар балаларын оқытқысы келмейді. Сондықтан 950 орындық білім ошағында 600 бала оқуда. Мектеп директоры: «Көптен күткен күрделі жөндеу ертерек бітсе»,- дейді. Бірақ маусымның аяғында басталған құрылыс қыркүйекке дейін аяқталмайтын түрі бар. Сондықтан оқытушылар қазірден қамданып жатыр.
Светлана Гурская, №28 орта мектептің директоры:
- 1 сыныптар мектепке алғаш рет баратын болғандықтан, 9 және 11-сынып оқушылары бітіруші болғандықтан, көрші 16-мектептің базасында оқитын болады. Қалған сыныптарды онлайн оқытайық, - деп қалалық білім бөліміне ұсыныс бердік. Бізді қолдады. Олар мектеп құрылысы біткенше үйден білім алады.
Биыл Жамбыл облысына 4,4 млрд теңге бөлініп, 17 білім ордасында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Білім басқармасының мәліметінше, 6 мектептің құрылысы жаңа оқу жылына дейін аяқталмай қалуы мүмкін. Себебі мемлекеттік байқау баяу өтіп, құрылыс жұмыстары кеш басталған. Әрі күрделі жөндеу жұмысы талап бойынша 4-6 ай аралығында жасалуы тиіс. Сондықтан жауаптылардың мердігерлерді тезге салудан басқа амалы болмай отыр.
Марат Серікбаев, қалалық білім бөлімінің инженері:
- 34-мектеп те бар, 28-мектеп бар, 44 мектептердің біз рұқсат қағазы, технадзорлары кешікті. Тендерге байланысты. Соған байланысты біз рұқсат қағазын кешірек алдық. Екінші мәселе – жұмысшылар санының аздығы. Қазіргі уақытта адам санын көбейтіп, екі сменде ұйымдасытруда мердігерлермен келісімшарт бар.
Оқу ордаларындағы құрылыс оқу жылына дейін бітпесе, ондағы оқушылар көрші мектептерге барып оқиды. Білім басқармасы бұл жағдайды қазірден жоспарлап отыр. Айтпақшы, аймақтағы апатты 1 мектеп пен 3 ауысымды 4 ағарту ошағының мәселесі алдағы жылдары шешімін таппақ.
Динара Жаңабаева, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
- Қазіргі таңда құрылыс есебінен бәріне қаржы қарастырылып, 2024-2025 жылдары 3 ауысымды мектептердің мәселесін шешеміз деп жоспарланып отырмыз. Ал бір апатты мектеп мәселесі келесі жылы шешеміз деп отырмыз. Өйткені мемлекеттік сараптамаға жобалық-сметалық құжаттамасы өткізілді.
Айта кетерлігі, биыл облыста жаңа 17 мектеп пен 8 қосымша ғимараттың құрылысы басталды. Оған республикалық бюджеттен 23,1 млрд қаржы бөлінді.
Авторлары: Мерей Бает, Руслан Ахатіллә