Елордада мектеп құрылысына қатысты дау шықты
Нұра ауданында мемлекеттік мектеп пен балабақша салу жоспарланған жерде ақылы білім ошағының құрылысы жүріп жатыр. Ал жақын маңдағы мемлекеттік яғни, тегін білім беретін мектептерде орын жоқ. Осылай деп редакциямызға хабарласқан тұрғындар балаларын қайда апарарын білмей отырғандарын айтады. Бұған білім басқармасы не дейді?
Көпқабатты үйді сатқан компания бұл жерлерде мемлекеттік мектеп пен балабақша салынатынын айтыпты. Кейіннен шіркеу құрылысы басталып, қараша қарсы болғандықтан, құрылыс тоқтаған. Ал мемлекеттік мектептің мәселесі әлі шешілмеген.
Диана Байтукина, қала тұрғыны:
- Үйді алған кезде осы үйдің маңайында мемлекеттік мектеп болады деп уәде берген. Және балабақшалар деп айтқан болатын. Мемлекеттік мектеп жоқ, бұл жақта жекеменшік мектеп салынып жатыр екен. Ол қол жетімді емес, жекеменшік мектептер өте қымбат. Бұл жақта тұрғындар эконом класс үй ғой енді, ондай ақшасы бар халық тұрмайды.
Серік Жақыпбек, қала тұрғыны:
- Бізге керегі көріп тұрсыздар, мемлекеттік мектеп. Осы микрорайонда мемлекеттік мектеп алыста, балабақша жоқ маңайда. Халық барып қатынап, Көкталға дейін барады екен. Мына жерлерде кілең жекеменшік мектептер.
Көпбалалы ата-аналар ақылы білімді көтере алмайтынын айтады. Алыстағы мектепке барып келетін оқушылардың қауіпсіздік мәселесі тағы бар. Сондықтан уәде етілген үкіметтік білім ордасын салып беруін сұрайды. Әу баста Астана қаласының бас жоспары бойынша бөлінген жерде мектеп болады деп бекітілген. «Бірақ қандай мектеп екендігі нақтыланбады», - дейді Нұра ауданы әкімінің кеңесшісі.
Құрман Еркін, Нұра ауданы әкімінің кеңесшісі:
- Жалпы 1300 оқушыға арналған білім беру мектебі болады деп шешілген. Мемлекеттік яки жекеменшік мектеп салынатыны шешілмеген болатын. Қазір жекеменшік мектептің құрылысы жүріп жатыр. Ал ілінбеген нысанның төлқұжаты бойынша сәулет-құрылыс бақылау басқармасымен жағдайды анықтаймыз. Екінші жоба ретінде бастапқыда шіркеу болған. Жаңа өзгеріс бойынша шіркеу салынбайды. Аудандағы балаларға оқушылар сарайы салынады. Қазір құжаттар бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Нақты бекітілген соң, құрылыс басталады.
Бұл маңға ең жақын орналасқан бір ғана №71 мектеп-лицей. Білім ошағы 2 400 балаға арналған. Бірақ мұнда 4 мыңнан астам оқушы бар. Демек жүктеме артығымен. Бірақ аумақтық бөлініс бойынша осындағы тұрғын үйлердің балаларын толық қамту міндеттелген. Бұдан білім басқармасы хабардар. Жағдай тек келесі жылы оңалатындығын айтады.
Қасымхан Сенғазиев, Астана қаласы білім басқармасының басшысы:
- Қазір осы ауданда 3 мемлекеттік мектеп бар. Олардың жобалық қуаттылығы 7 мың орынға дейін. Аудан тығыз орналасқан, 3 мектеп әрине жеткіліксіз. Бұл ауданда енді 3 мектеп жайлы мектептің құрылысын бастап жатырмыз. Ол 3 мектеп 12 мың орын береді. Демек 19 мың орын осы ауданда ғана болады. Алдағы 24 жылдың аяғына дейін аяқтауды жоспарлап жатырмыз.
Бір аудан емес, қазір қала бойынша мектептерде 26 мың орын тапшы. Жауаптылардың айтуынша, 2 жыл ішінде 24 мектептің құрылысы бой көтеріп, қолданысқа беріледі. Ең көбі – Нұра ауданында 10 білім ошағы салынады. Ал Алматы ауданында – 6 мектеп, Есілде - 5 білім мекемесі бой көтереді. Байқоңырда -1 мектеп, ал Сарыарқа ауданында -2 мектеп салынады. Жалпы 88 мың оқушы мемлекеттік мектеппен қамтылады.
Нұра ауданының тұрғындары көтерген мәселеге оралсақ, белгіленген аумақта ақылы мектеп салынады. Биыл құрылысы басталатын 3 мектеп келесі оқу жылында қолданысқа беріледі. Сондықтан бұл аудан оқушыларының тағы бір жыл күтуіне тура келеді.
Авторлары: Диана Қадыр, Айбын Кусанбеков