Алматы тауларында сел қаупі жоғары деп жарияланды
Төтенше жағдайлар министрінің нұсқауына сәйкес, Алматы қаласында орналасқан құтқару бөлімшелері жоғары дайындық режиміне келтірілді. Тәңір тауының солтүстігінде жаңа мұзды көлдер пайда болды. «Олар жылдам толып жатыр»,— дейді мамандар. Мысалы, Қарғалы өзенінің бастауындағы, №5 көлдің пайда болғанына екі жыл. Бүгінде тереңдігі 10 метр, су көлемі 40 мың текше метрге жеткен. Сондықтан су деңгейі тұрақсыз көлдер басты назарда. №5 көлдің етегінде автоматтандырылған бақылау бекеті орнатылған. Судың деңгейі көтеріліп, лайлана түссе төтенше жағдайлар министрлігінің, жедел орталығына ақпарат беріледі. «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі мен география және су қауіпсіздігі институты мамандары, аталған көлдерді тереңінен зерттемек. Аптап ыстықтың әсерінен мұзды көлдер жылдам еріп жатыр. Қауіптің алдын алмаса, Алматы мен Алматы облысындағы елді мекендерге қауіп төндіруі әбден мүмкін. Өйткені 21 шілде де Іле-Алатауындағы нөсер жауын салдарынан өзендердегі су деңгейі көтеріліп, сел жүрді. Кейбір жерде жауынның көлемі 70 мм-ге дейін жеткен. Салыстырмалы түрде айтсақ, 30 мм-ден асса, қауіпті саналады.
Қайрат Бекенов, ҚР ТЖМ "Қазселденқорғау" ММ басшысы:
-Қазіргі таңда селдің қаупі өте жоғары. Өздеріңіз көргендей бізде екі фактор бар. Бірінші фактор бұл қазіргі жоғарғы температура көтерілуі. Қазгидрометтің болжамы бойынша соңғы 15 жылдың ішінде бізде қазір ең жоғарғы температура. Егер үш мың метрді алатын болсақ 20 градусқа көтерілген. Орташа есеппен алатын болсақ 13 градус болып тұр.