Үкіметте елдегі машина жасау өнеркәсібінің әлеуеті қаралды
Үкімет отырысында елдегі машина жасау өнеркәсібінің әлеуеті қаралды. Саланың экономикадағы үлесі - 1,5 есе ұлғайған. Ал өңдеуші өнеркәсіп 13% құрады. Бас-аяғы 3 мың 800 кәсіпорын қызмет етеді. Былтыр машина жасауға шамамен 500 млн доллар инвестиция тартылса, биыл бұл көрсеткіш 208 млн долларды құрап отыр. Сондай-ақ өткен жылы ішкі нарықта 150 мың автомобиль сатылса, оның 103 мыңы отандық өнім болған.
Ауыл шаруашылығына келсек, биыл 5 мың трактор мен 900 комбайн шығару жоспарланған. Теміржол машиналарын жасау бойынша да бірқатар жобалар Швейцария, АҚШ және Франция инвесторларымен бірлесе жүзеге аспақ. Үкімет басшысы жабдықтардың 40% жуығы тозғанын айтып, жаңғыртуды тапсырды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Машина жасау саласын одан әрі дамыту үшін бесжылдық кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Оны іске асыру машина жасау саласындағы өндірісті 2 еседен аса, экспорт көлемін 3 есе, негізгі капиталға тартылған инвестицияларды 1,5 есе арттыруға, сондай-ақ еңбек өнімділігін екі есе арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Үкімет Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Елімізде 43 мыңға жуық спорт нысаны болса, оның 23 мыңнан астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Биыл 113 жаңа спорт нысанын салу, 20 күрделі жөндеу және қолданыстағы 6 спорт нысанын қайта жарақтандыру жүріп жатыр. Жалпы 800 астам бала мен жасөспірім клубы жұмыс істейді. Мәдениет және спорт министрінің айтуынша, жыл сайын 1,2 млн адамды қамтитын 25 мыңнан астам бұқаралық спорттық шаралар өткізіледі.