Алматы тауларында жоғалған туристің денесі табылды
Алматы тауларында төрт күн бұрын жоғалып кеткен туристің денесі табылды. Бұл туралы еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен саяхатшының 39 жастағы Ресей Федерациясының азаматы екеніні анықталған еді. Ол 5 тамыз күні таңертеңмен тауға кеткеннен оралмаған. Өзінің достарына Шымбұлақ-Талғар асуына шығып, Абай шыңын бағындырып, кешкі тоғызда қалаға түсетінін айтқан. Бірақ белгіленген уақытта ол байланысқа шықпай қалады.
Жанна Дәуренбекова, ҚР ТЖМ ресми өкілі:
- Таудағы климаттың күрделілігіне, тау маршрутының ерекшелігіне, тастың құлауына және жартасты рельефке қарамастан іздеу-құтқару жұмыстары тәулік бойы жүргізілді. Табылған ер адамның жеке бас деректері анықталуда. Қазақстандық құтқарушылар жыл сайын тауда 160 жуық туристі құтқарады. Биылғы жылдың басынан бері таулы жерлерде 152 адам құтқарылды. ТЖМ тауға жалғыз шықпауды ұсынады.