Мемлекеттік мекемелер отандық кеңсе қағазын тұтынуға міндеттелуі мүмкін
Мемлекеттік мекемелер биылғы жартыжылдықта кеңсе қағазын алу үшін 11 млрд теңге жұмсаған. Ал былтыр 12 млрд теңгеге шығындалыпты. Өкініштісі, өнімнің 90% шетелден жеткізіледі. Осыны ескере келе жауапты министрлік мемлекеттік органдарды Қазақстанда жасалған кеңсе қағаздарын сатып алуға міндеттегісі келеді. Қазір құжат ашық талқылау алаңына шығарылды. Қаулы қолдауға ие болса, А3 және А4 форматындағы кеңсе қағаздарын алдағы 2 жылда тек отандық өндірушілерден алу керек болады.
Батырбек Әубәкіров, Қазақстанның қаптаушылар қауымдастығының төрағасы:
- Бізде қағаз нарығының 90% бұрыннан бері импорттық өнімдерден құралды. Бірақ соңғы жылдары біз шикізатты сырттан алдырып, өзіміз өңдей бастадық. Әрине, бұл толық өндірістік цикл емес. Дегенмен қаралып жатқан қаулы отандық кәсіпорындарға демеу болады. Әрі инвестиялық әлеуетті арттырады. Бізге дайын өнім жіберетін шетелдік кәсіпорындар осында зауыттар ашып, Қазақстанда өндірісті дамытуы да мүмкін.
Мемлекеттік мекемелер жылына 15 мың тонна қағаз пайдаланады. Ал өндіріс орындарының қуаты бұдан көп. Демек отандық кәсіпкерлер ішкі қажеттілікті өтей алады. Қазір республикада 6 кәсіпорын кеңсе қағазын дайындайды. Салада 100 жуық адам жұмыс істейді. «Ендігі міндет – бәсекелестікті арттырып, отандық өндірісті дамыту», - дейді мамандар.