«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Ұлытауға жетті
Сәуір айында Алматыдан шыққан «Саламатты Қазақстан» пойызы Ұлытауға жетті. Білікті мамандардан құралған медициналық бригада бір аптадан бері шалғайдағы ауыл тұрғындарына тегін көмек көрсетіп келеді. Осы уақытқа дейін Терісаққан, 69 разъезд, Теректі ауылдарының азаматтары дәрігерлік тексеруден өтті. Ал кеше пойыз Қарсақбай станциясына аялдады. Енді 2 күн бойы дәрігерлер осы елді мекеннің тұрғындарына қызмет көрсетеді.
«Саламатты Қазақстан» пойызы келеді дегенді естіген қарсақбайлықтар қолжетімді көмекті алып қалуға асықты. Әркімнің түрлі шағымы бар. Құлағы мен көзі ауырған Нұргүл Байқонысова бірден лор дәрігердің қабылдауына жазылған.
Нұргүл Байқонысова, Қарсақбай кентінің тұрғыны:
-Құлағым қыши беретін. Бір жері ауыратын шығар деп жаңа тексерткем. Жаман емес, жақсы. «Тап-таза құлағыңыз, уайымдамаңыз»,- деді. Қуанып қалдым.
Пойыздың 8 вагоны заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Узи, рентген аппараттары бар. Терапевт, педиатр, невропатолог, уролог, маммолог секілді ауылда тапшы дәрігерлер жұмыс істейді.
Айнұр Егінбаева, «Саламатты Қазақстан» пойызының бас дәрігері:
-Страховкасы бар, жоқ деп қарамаймыз. ОСМС деп айтады ғой. Ондайға қарамаймыз. Сұрамаймыз. Кім келеді бізге барлығына көмек көрсетеміз.
Әлеуметтік жоба Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен жүзеге асып отыр. Дәрігерлерден бөлек пойызда медиаторлар мен заңгерлер де бар. Олар азаматтарға құқықтық кеңестер береді.
Ермек Медеубаев, кәсіби медиатор:
- Әлеуметтік төлемдер туралы. Және де мынау отбасылық қатынастар туралы. Алиментті өндіріп алу туралы мәселелер көтеріліп отыр.
«Саламатты Қазақстан» пойызы қазір 61 станцияда тұр. Осыған дейін 8 облыста 35 мыңға жуық тұрғынға дәрігерлік көмек көрсетілген. Олардың 15% балалар. Дәрігерлер бригадасы Ұлытау облысында тағы екі станцияға аялдайды.
Авторлары: Елдос Какенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшахира Серекбаева