СҚО-да бруцеллез дерті өршіп тұр
Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданына қарасты Ленинское ауылында бруцеллез ауруының ошағы анықталды. Осыған байланысты елді мекенде шектеу шаралары енгізілді. Мұнда сүт, ет өнімдерін тасымалдауға қатаң тыйым салынған. Ветеринарлар мамыр айынан бастап 63 бас ірі қарадан індеттің таяқшасын тапты. Бүгінде ауру белгілері бар малдар санитарлық союға жіберіліп жатыр.
Айта кету қажет, аталған ауылда ірі шаруа қожалығы да бар. Жауаптылардың пайымдауынша, алаңдауға еш негіз жоқ. Себебі серістестік басшысы малдарын қамауда ұстап отыр. Жалпы жыл басынан бері өңірдің 170 малынан осындай кесел табылды. Тек 6 мыңға жуық малға бруцеллезге қарсы вакцина егілген.
Аманжол Нұртазин, облыстық ветеринария басқармасының баспасөз хатшысы:
- Санитарлық нормаларға сәйкес ең алдымен бруцеллез анықталған мал сою алаңына жіберіледі. Қалған малдар тексеріліп жатыр. Бүгінгі таңда жаңағы Аққайың ауданы Ленинское ауылындағы анықталған 41 малдың иесіне өтемақы төленді. Ол шамамен 5,6 млн теңге. 30% мемлекет яғни облыс бюджетінен өтесе, қалған 70% осы сою алаңында жұмыс істейтіндер яғни кәсіпкерлер төлейтін болады.