Елде интернет алаяқтары азаймай тұр
Q-net қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін басқарған азаматтарға қатысты тергеу аяқталды. Енді іс сотта қаралады. Дегенмен алаяқтардың жұртты алдап, қаржысын жымқыруы тыйылар емес. Тек Ақтөбе облысында жыл басынан бері 500 дерек тіркелген. Интернет желісі арқылы жасалатын қылмысқа қарсы күресті күшейту үшін ел көлемінде кезекті жедел алдын-алу шарасы басталды.
Q-net қаржы пирамидасының бөлімшелерін басқарған азаматтарға қатысты тергеу амалдары біршама уақытқа созылды. Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қалалық департаментінің мәліметінше, 5 айыпталушы бар. Олар 2018 жылдың қарашасынан 2022 жылға дейін ұйымның Алматыдағы филиалдарына жетекшілік еткен.
Әлібек Әбділов, ҚР ҚМА ресми өкілі:
- Қазіргі таңда 5 тұлғаға қатысты тергеу аяқталып, сотқа жолданды. Сот қаулысымен 27,7 млн теңге сомасына мүлік қамауға алынды. Қаржы пирамидаларын құру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын және мүлкін тәркілеу мен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастыратынын ескертеміз.
Жұртты алдап, қаржысын тартқан ұйымдардың бірқатарына қатысты бұған дейін де талай іс сотта қаралғаны анық. Алайда қарапайым адамның тірнектеп жинаған ақшасын қолды қылатын алаяқтардың әрекеті тыйылмай тұр. Ақтөбелік Мәриям Амангелді де сондай топтың құрбаны болған тұрғындардың бірі. Телефон нөмеріне қоңырау шалып, жақыны жасаған жол апатына қатысты істі тоқтату үшін қомақты қаржы сұрағанда ойланбастан беріп жіберіпті.
Мәриям Амангелді, қала тұрғыны:
- Ватсап арқылы звондады. Ресей нөмері болды өйткені. Ол сумманы беріп жібергеннен кейін барып түсіндім. Содан мен сасқалақтап қалып өзімнің үйде бар 2 млн беріп жібердім такси арқылы.
Жыл басынан бері Ақтөбе облысында интернет желісі арқылы жасалған 500-ге жуық алаяқтық дерегі тіркелген. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі шамамен 70 млн теңге. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, ақтөбеліктер ұсынған жалақысы мол жұмыс пен онлайн сауда, банктік есепшот ашу арқылы табыс табу секілді жарнамаларға сеніп, ақшаларынан айрылған.
Қалдығали Мирманов, облыстық ПД криминалды полиция басқармасының жедел уәкілі:
- Алаяқ басқа елде отырып, өзінің қылмыстық әрекетін жүзеге асыра береді. Сол себептен бұл қылмыстың ашылуы күрделі болып келеді. Көптеген күрделі процестерден тұрады. Қазіргі таңда 30% жуық ашылып отыр.
Ел бойынша ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жасалатын заңсыз әрекеттердің алдын-алу үшін кезекті «Хай теч» шарасы басталды. Тәртіпсақшылар бұл қылмыс түріне қарсы жұмыс енді күшейетінін айтады.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев