Жезқазғанда жылу тапшылығы жойылады
Жезқазған қаласындағы жылу энергия орталығына қуаты 100 мегаватт болатын екі турбина орнатылады. Осылайша алдағы үш жыл ішінде мысты шаһарда жылу тапшылығы түбегейлі жойылмақ. Ұлытау облысының әкімдігі, «Қазақмыс Энерджи» және қытайлық «Sepco» корпорациясының басшылығы өзара ынтымақтастық жөніндегі үш жақты келісімге қол қойды. Сонымен стратегиялық нысанның құрылысы қашан аяқталады?
Ұлытау облысында тұрғындарды жылумен қамту мәселесі әлі де өткір тұр. Осыған орай алдағы үш жылда Жезқазғандағы жылу энергия орталығына қосымша екі турбина орнатылатын болды. «Бұл жаңа технология экологиялық тұрғыдан да өте тиімді»,— дейді мамандар. Қазір өңірде жасыл энергетиканы дамытуға басымдық берілген.
Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысының әкімі:
-Құрылысы биыл басталып 2026 жылы аяқталады. Бұл да біржағынан біздің осы қалаға жылудың жетіспеу мәселесін шешеді. Біз басқадай инвестициялық жобаларды да жалғастырып жатырмыз. Соның ішінде бізге ендігі жылы 70 миллиард жоспарланған жел арқылы турбиналар қойып, электрастанциялар ашылады.
«Қазақмыс Энерджи» компаниясы қытайлық корпорациямен келісімшартқа отырмас бұрын өзге мемлекеттерден де бірнеше инвестордың ұсынысын қарастырған. Алайда Қытайлық серіктестердің жобасы өте тиімді болған.
Темірлан Өтегенов, «Қазақмыс Энерджи» ЖШС бас директоры:
-Біз үш инвестордың ішінен таңдау жасадық. Түрік, неміс және қытай компаниялары. Соның арасынан қытайлық серіктестердің ұсынысы ұнады. Біріншіден, олар бізге жақын орналасқан. Екіншіден, олар Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінде жақсы жұмыс істеп жатыр, біз нәтижесін көріп отырмыз. Сондықтан құрылысты Үкімет бекіткен мерзімде аяқтайды деген сеніммен осы корпорацияға таңдау жасадық.
Жоба құны шамамен 80 миллиард теңге. Оның 50 миллиард теңгесін «Sepco» корпорациясы құйса, қалғанын «Қазақмыс Энерджи» компаниясы бөледі. Құрылыс жұмыстарына 300 адам тартылмақ, ал нысан іске қосылған кезде 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшахира Серкебаева