Жетісулық шаруалар Мемлекет басшысына ашық хат жазды
Олардың айтуынша, қант өндірісіне қауіп төніп тұр. «Жағдай осылай жалғаса беретін болса, шаруаларға қант қызылшасын өсіру тиімсіз болады»,-деп дабыл қақты. Бұл саланы ретке келтіру үшін ең алдымен қант зауытының жұмысын бір жүйеге келтіру керек. Яғни ол шаруаға тиімді болуы шарт.
Қант қызылшасын өсірумен айналысатын жетісулық шаруалардың Алматыға келуі тегін емес. Енді біраз күнде науқан басталады. Ал олар өнімін өздеріндегі қант зауытына өткізгісі келмейді. «Себебі арзан алады»,- дейді. Қазір тоннасы 15 мың теңге. Өнімнен түскен пайданың 70% зауытқа, қалған 30% шаруаға қалады. Жергілікті басшылықтан қайыр болмаған соң диқандар Президентке хат жазуға мәжбүр болған. Оған 90 жуық қожалық иесі үн қосқан.
Асқар Шәріпов, Қазақстан фермерлер қауымдастығының Жетісу облысы бойынша төрағасы:
- Бұл бастаманы облыс басшылары онша құптап отырған жоқ. Олардың жасап жатқан жұмыстары бар. Бірақ олардың барлығы айналып келгенде зауытқа, монополияға шамасы жетпей жатыр. Сондықтан біз тікелей Президентке айтуға тура келіп отыр. Биыл 20 мың теңгеге жеткізсе, шаруа қожалықтарының ынталандыру мәселесі біршама артар еді.
Шикізатты қабылдау бағасын өсірумен бірге шаруалар қант зауытын акционерлік қоғамға айналдыру мәселесін көтеріп отыр. «Оны басқаруға қожалық өкілдері де қатысса»,-дейді. Зауытты монополистер тізіліміне енгізу қажеттігін айтады. Сондай-ақ шетелден келетін шикі қантқа баж салығын салған жөн.
Александр Квитко, шаруа қожалығының басшысы:
- Мен 22 жыл қант қызылшасын өсірумен айналысам. Соңғы 5 жылда жағдай тіптен күрделеніп кетті. Қазір жұмысшыларға айлық әзер беруге ғана шамамыз келеді. Тек қана ірі шаруашылықтар ісін жақсы жүргізіп жатыр. Зауытпен қайта келісімшарт жасайық десек, бізбен ешкім кездеспейді. Егетін кезде келісімшартты береді. «Тұқым алам десең осы»,- дейді.
«Зауыттар шетелден қант құрағын жеткізуге құмар»,-дейді фермерлер. Оның бағасы да арзан емес. Мәселен, қызылша қантының өзіндік құны – 275 теңге, ал құрақтан алынған тәттінің құны – 440 теңге. Ал Көксу қант зауыты басшыларының өз айтары бар. Олар: «Тоннасына 15 мың теңгеден артық бере алмаймыз. Себебі өзіміз шығынға ұшыраймыз»,-дейді.
Алтынбек Абатов, «Көксу» қант зауытының директоры:
- Себебі одан артық қазір біздің шамамыз келмейді. Осы жерде 100 күнге дейін, 120 күнге дейін сақталады. Сол уақыттың арасында қызылшаның өзі қантын жоғалтады біріншіден. Сосын салмағын жоғалтады. Соған байланысты бізде кішкене шығындар болады.
Жетісу облыстық ауыл шаруашылық басқармасы болса қант зауытының шаруаларға барынша қолдау жасап отырғанын айтып отыр.
Нұрдәулет Кененбаев, Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Биылдың өзінде 7 мың гектарға дейін жететін тұқымды зауыт өз қаражаты есебінен және де гектарына 100 мыңнан көктемгі дала жұмыстарына күзгі өнім есебінен аванс беріп отыр. Жалпы «Көксу» қант зауытының шаруашылықтарға көрсеткен осындай бір қолдауы 1,5 млрд теңгенің төңірегінде.
Ауыл шаруашылығы министрлігі де осы пікірде. Былтыр субсидия көлемі ұлғайтылған.
Дамир Аспан, ҚР АШМ ресми өкілі:
- Мәселен былтырғы жылмен салыстырғанда тоннасына 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы субсидия көлемі. Зауыт өз кезегінде 15 мың теңге береді. Бәрін жинақтағанда қант қызылшасын өткізген шаруа 40 мың теңге алып отыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілінің айтуынша, биыл республика бойынша 20 мың гектар жерге тәтті дақыл егіліпті. Былтыр бұл көрсеткіш 11 мың гектардан жоғары болған.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев