2040 жылға қарай елдегі су тапшылығы 12-15 млрд текше метрге жетуі мүмкін
Президент Жолдауындағы өзекті мәселелердің біріне тоқталайық. 2040 жылға қарай елдегі су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Себебі халық саны өсіп келеді, биыл 20 миллионға жетеді. Сондықтан Президент су үнемдеу технологияларын ендіру қажет екенін баса айтты. Ең алдымен, бұл ауыл шаруашылығы саласына қатысты. Себебі ондағы судың 40% ысырап болып, құмға сіңіп жатыр. Ал инфрақұрылым 60% тозған. Сондықтан Мемлекет басшысы су үнемдейтін технологияларды ендіріп, ауқымын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейтуді тапсырды. Ал ішкі су қорын толтыру үшін 20 жаңа бөген салынады. Кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу көзделген. 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу да жоспарда бар. Осылайша 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткіземіз. Бұл шаралар, әсіресе, қуаңшылық жиі болатын Жамбыл облысында өзекті. Жергілікті билік 14 су қоймасының жобасын әзірлеп жатыр. Өңірде 57 мың гектар жерде су үнемдеу технологиялары пайдаланылады. Көлемін әрі қарай да кеңейту үшін, 3 жылда 700-ге жуық ұңғыма қазу жоспарланған. Дегенмен мамандар: «Жерасты суларын қайта зерттеу керек»,— дейді.
Шәкір Момынқұлов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
-Біздің облыста жерасты суларының пайдалануға бұрынғы деректер бойынша 600 млн кубқа дейін пайдалануға болатыны нақтыланды. Зерделеу жұмыстары бұрын 40-45 жыл бұрынғы зерттеген зат болғандықтан, зерттеу жұмыстары жүргізілгендіктен бүгінгі таңда ғылыми зерттеу институттары нақтылап зерделеп қанша гектар алқапқа қанша су алынатынын, қаншалықты ол судың жеткілікті көлемін, бізге мәлімет берсе, біз соған сәйкес жұмыс атқаратын боламыз.