Қарағанды облысында киіктер егістікті отап кетті
Қарағанды облысы Нұра, Осакаров және Абай ауданының шаруалары шығынға батты. 36 шаруа қожалығының 38 мың гектар жерге еккен егінін қалың киік отап кеткен.
Ала жаздай тер төккен диқандардың еңбегі еш кетті. Шабындық та тапталғандықтан, малға жайылым болмай жатыр. Қуаңшылық салдарынан биыл онсыз да шөптің шығымы нашар.
Мамандардың мәліметінше, облыста киік ең көбейді деген жылдардың өзінде 500 мыңнан аспаған. Ал қазір 2 млн жетіп қалды. Себебі 2015 жылдан бері киікті атуға қатаң тыйым салынған. Диқандар не істерін білмей дал.
Сайын Ибрагимов, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Биыл енді киіктің шығынын санағанда 2 мың гектардай. 2 мыңды математикалық тұрғыда санағанда 2 мың тонна деп санауғада болады. 2 мың тонна 90 теңгеден болса, 100- 150 млн теңгеден артық болмаса, кем болмайды деп ойлаймын.
Жанайым Әбеуова, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының бас маманы:
- Шаруалардан 4 шағым түсті бізге. Өзі оған инспекторлар барды осы уақытқа дейін. Актілері толтырылып келтірілген залалдар болса, олар әрі қарай ауыл шаруашылық мекемелеріне шағымданып, сақтандыру болса солардан өздері сұрайды. Бізге Үкіметтен немесе жоғарыдан ешқандай методика түскен жоқ. Бірақ мұндай арыздар түсе берсе, бір шара қолданады деп ойлаймын.