Қарағанды облысында жалпыхалықтық сенбілік өтті
Қарағанды облысының барлық аудан, қалаларында бір мезгілде сенбілік өтіп, 2 мың тоннадан астам күл-қоқыс шығарылды. Экологиялық шара табиғаты көркем Қарқаралы өңірінде де ұйымдастырылып, волонтерлар ұлттық парк аумағын тазалады.
Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы 112 мың гектар. Ауданда мемлекет қорғауына алынған 300 астам тарихи және мәдени нысан бар. Соның маңайын реттеп, орманды күл-қоқыстан аршу үшін табиғат жанашырлары сенбілікке шықты. Әрине, бір күнде барлығын қамту мүмкін емес. Сондықтан еріктілер ең әуелі Қарқаралының кіреберіс қақпасы – Қарқабат ана ескерткішінің маңын тазалады.
Мәдина Түсіпбаева, волонтёр:
- Біздің волонтерлік ұйым осындай тазалық акцияларын жиі жүргізіп отырады. Барлық тұрғындарды жерімізді таза ұстауға шақырамын.
Бұл күні сенбілік Қарағанды облысының барлық аудан, қалаларында өтті. Табиғат жанашырлары 2 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдықты жинап, сұрыптап, біразын қайта өңдеуге жіберген. Экологиялық шараға шамамен 35 мың адам қатысты.
Айман Құлатаева, экология департаменті басшысының орынбасары:
- Тазалық жұмыстарына мемлекеттік ұйымдар бар, мемлекеттік қызметшілер бар, экология саласында жүрген табиғат пайдаланушылар бар, студенттер бар, бәрі осы акцияға жиналып отыр. Сонымен қатар халықты осы тазалыққа, осы акцияға шақырамыз.
Сенбілік барысында 100 астам заңсыз күл-қоқыс үйіндісі анықталып, волонтерлердің көмегімен жойылған. Сонымен қатар 800 жуық ағаш егілді.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар