Қыс қыр астында, дайындық қалай?
Өткен қыста бірқатар өңірдің жылусыз қалғаны белгілі. Биыл бұл мәселені шешу үшін қарқынды дайындық жүрді. Бүгінде Павлодар облысында жылу беру маусымы басталды. Ал Қостанайда жылу орталықтары мен бу қазандықтарын жөндеу жұмыстары аяқталған.
Бүгіннен бастап Павлодар облысында жылу беру маусымы басталды. Бірінші кезекте әлеуметтік нысандар жылумен қамтылады. Ол мектеп, балабақша, медициналық және білім беру мекемелері.
Дархан Ахметов, қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің маманы:
-26 балабақша, 5 мектеп, 13 білім беру және 7 медициналық мекеме жылумен қамтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар ары қарай да жалғасады. Ал көпқабатты үйлер мен жекеменшік сектордағы тұрғын үйлердің жылуға қосылатыны туралы олардың техникалық дайындығына байланысты хабарланатын болады.
Ал Қостанайда жүздеген көпқабатты үйдің жылу жүйесі әлі толық тексерілген жоқ. Өйткені ол баспаналардың 8% иесіз. Яғни тұрғындары пәтер иелерінің тұтыну кооперативтерінен бас тартқан. Мүлік иелерінің бірлестігі құрылмаған. Мұндай үйлердің жылу жүйесін жуып, тазалаумен ешкім айналыспайды.
Виктор Шмыглов, «Қостанай жылу энергетикалық компаниясы» МКК директоры:
-Биыл жылуды үздіксіз беру және апаттық жағдайлардың алдын алу үшін пәтер иелерінің кооперативі қызмет көрсетпейтін 42 үйдің жылу жүйелерін толық тексеру мақсатында пилоттық жоба іске қосылды. Оған бюджеттен тыс қаржы көздерінен 930 мың теңге бөлінді.
Қостанайдағы жылу электр ортылығы мен бу қазандықтары жылыту маусымына дайын. Негізгі құрылғыларды жөндеуге бюджет және кәсіпорын қаражатынан үш миллард теңгедей қаржы жұмсалған.
Авторлары:Нұрлан Жақыпбеков, Айтмұхамбет Байділдаев